Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді
ҚР Президенттігіне үміткер ретінде «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» бірлестігі ұсынған Мейрам Қажыкеннің кандидатурасы үміткерлерге қойылатын талаптарға сәйкес келеді. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен отырыста белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Зекешұлына қатысты ҚР Орталық сайлау комиссиясы Сайлау туралы Конституциялық заңының 59-бабының талаптарына сай ҚР ІІМ-не, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне, ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігіне және ҚР Әділет министрлігіне тиісті сұраулар жіберді. Аталған құзыретті органдардан келген мәліметтерге сай, азамат Мейрам Зекешұлы Қажыкенге қатысты ҚР Президенттігіне кандидант ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов.
ОСК отырысында үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау бойынша лингвистикалық комиссиядан сәтті өткендігі де айтылды.
Мейрам Зекешұлы Қажыкен 1961 жылдың 5 сәуірінде Павлодар облысында туған. Экономика саласындағы бірнеше ғылыми мақалалар мен кітаптардың авторы.
Еңбек жолын туған өлкесінде инженер-гидротехник болып бастаған (1982 жылы).
2002-2003 жылдары Павлодар облысы экономика департаментінің бастығы, 2003-2004 жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңсесінде Үкімет басшысының кеңесшісі, өндіріс және инфрақұрылым саласы бөлімінің меңгерушісі, 2010-2011 жылдары Қазақстан индустрияны дамыту институтының директоры қызметтерін атқарды.