Еліміздегі ақылы автожолдарда бір тәулікте 50-ден астам автокөлік соқтығысты
Жарақат алғандар ішінде кішкентай екі бала бар
Екі жол көлік оқиғасы «Щучинск – Нұр-Сұлтан» автожолында тіркелсе, үшіншісі «Нұр-Сұлтан – Теміртау» бағытындағы трассада болды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Щучинск – Нұр-Сұлтан» тас жолының 36-шы шақырымында бір сәтте 20 автокөлік соқтығысса, 37-ші шақырымында 16 көлік апатқа ұшыраған. Соңғысында 5 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Олардың екеуі кішкентай бала. Барлығы да ауруханаға жеткізілді.
«Аталған учаскеде 9 арнайы техника (3 құрамдастырылған жол машинасы, 3 тиегіш, 2 автогрейдер мен 1 экскаватор) жұмыс істеуде. Бірінші апат орнында қазір тек 8 көлік тұр, қалғандары сапарларын жалғастырды», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Баспасөз қызметінің жетекшісі Маржан Ордабай.
Үшінші жол көлік оқиғасы да ақылы «Нұр-Сұлтан – Теміртау» бағытындағы трассада тіркелді. Шоқай елдімекенінің маңында бір сәтте 15 көлік соқтығысқан. Олардың арасында 3 ауыр жүк машинасы, 2 газель, 10 жеңіл көлік бар.
«Бұл учаскеде 9 арнайы техника (2 құрамдастырылған жол машинасы, 3 тиегіш және 4 автогрейдер) жұмыс істеп жатыр. Апаттың бәрі көру қашықтығы күрт төмендеген аймақтарда болған. Жол-көлік оқиғалары болған сәтте көк тайғақ болған жоқ. Көру қашықтығы төмен болғандықтан, сағат 16:00-де екі ақылы учаскеде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі.