«Идеология және халықтың әл-ауқаты»: AMANAT партиясының съезінде қандай мәселелер көтеріледі?
Съезд 6 қазанда Астанада өтеді

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов 6 қазанда партияның кезектен тыс съезін өткізетінін мәлімдеген болатын. Бүгін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым съезде партияның жаңа тұғырнамасы таныстырылатынын өзінің Telegram-каналында жазды. AMANAT-тың аймақтардағы өкілдері болса тұғырнамада иедологиялық бағытқа басымдық берілетініне сенімді.
«AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі Сана Шайханқызы Azattyq Ruhy тілшісіне съезден не күтетінін айтып берді.
«Халыққа идеологиялық бағыт керек. Меніңше, тұғырнама құжатындағы ең маңызды идея – Президентіміздің төңірегіне топтасып, жаңа Қазақстанымызды құруға шақыру.
Съезден эмоционалдық қуат, партия тұғырнамасында өмір бойы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру жолында жұмыс істеуге үлкен ынта күтемін.
Сондай-ақ, партияның басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Тұғырнамада қоғамның топтастырушы күшіне айналуы тиіс жасампаз еңбектің маңыздылығы айтылады. Бизнес қауымдастығының өкілі ретінде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жағы айтылады. Бұл бизнесті дамытуға мүмкіндік береді және бұл өз кезегінде салық шегерімдерін тудырады деп айта аламын. Мемлекеттік бюджеттің негізгі кіріс бөлігі салықтық түсімдер есебінен қалыптасатынын есте ұстаған жөн», - деп атап өтті Сана Шайханқызы.
Ал Қызылорда қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Жорабек Нұрымбетов съезде Президенттің жолдауда айтылған мәселелері тереңірек қозғалады дейді.
«AMANAT партиясы үнемі халықпен бірге. Соның бір дәлелі: 2020 жылы пандемия кезінде партия белсенділері дәрі-дәрмекпен және басқада қажетті бұйымдарды алуға қаржы бөліп, көмек көрсеткендердің куәсі болдық. Сондықтан «AMANAT» партиясы бүгінгі халыққа жақын елдің қамын ойлайтын партия деп айтар едім.
Ендігі алдымызда тұрған «AMANAT» партиясының съезінде қаралатын мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте халыққа жолдаған жолдауындағы 5 бағдарламаның және «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасындағы жарияланған үш бағдарламаның толыққанды іске асуы айтылады деп есептеймін.
Бұл тұғырнамада адам, қоғам, мемлекет деп көрсетілген. Осы үш ұғымның түпкілікті өз дәрежесінде іске асуы қажет. Негізгі мақсатымыз – азаматтық қоғам дамыған мемлекет құру болатын болса, соның барлығы адамның ой-пікірі мен адал қызметімен келетін нәрсе.
Елдің, ұлтымыздың қалыптасуына қызмет ететін – тіл. Халқымыздың тарихы, тағдыры, болашағы да тіліміз. Сондықтан тіліміздің мәртебесін түпкілікті, тиянақты орнықтыруымыз қажет», - дейді Жорабек Нұрымбетов.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің соңында Партия төрағасы Ерлан Қошанов кезектен тыс XXIV Съезді 6 қазан күні Астана қаласына шақыру туралы Қаулыға қол қойды. Съезд жұмысына Қазақстанның барлық аймағынан делегаттар келеді деген жоспар бар.