«Моральдық тұрғыда ауыр болды» - Мырзахметовтың отcтавкаға кету себебін түсіндірген видеосы

Автор: Azattyq Rýhy

Асқар Мырзахметов Жамбыл облысын тура 2 жыл басқарды

Кеше Жамбыл облысының экс-әкімі Асқар Мырзахметов Президентке өз еркімен отставкаға кету туралы өтініш жасап, қызметінен босатылды. Оның орнына Жамбыл облысының әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

Кеше Үкімет басшысы Асқар Мамин облыс активіне Жамбыл облысының жаңа әкімін таныстырып, бұрынғы басшы Асқар Мырзахметовке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірген. Сол жиында экс-әкім отставкаға кету себебін түсіндіріп, қызметін жалғастыру моральдық тұрғыда ауыр тигенін айтқан.

«Өкінішке қарай Қордай ауданында ауыр қайғылы жағдай болып, бірнеше азамат қаза тауып, жүз жетпістен астам адам жарақат алды. Бұл тек жамбылдықтар үшін ғана емес, барша еліміз үшін оңай тимеді. Осы тұрғыда мен облыс әкімі ретінде жұмысты жалғастыру моральдық тұрғыда ауыр деп есептедім. Сондықтан Президентке өз еркіммен отставкаға кету туралы өтініш жаздым. Шешімімді қабылдаған Мемлекет басшысына рақмет»,- деді А.Мырзахметов.

Асқар Мырзахметов Жамбыл облысына 2018 жылдың 10 қаңтарында әкім болып тағайындалған еді. 2019 жылы шілде айында өкілеті ұзартылды.

Мырзахметовтың облыс басшылығы қызметінен босауына 7 ақпан күні Қордай ауданында болған қақтығыс тікелей себеп болып отыр. Қордай ауданында болған жанжал салдарынан бірнеше үй мен автокөлік өртеніп, 11 адам қаза тапқаны хабарланды. Қазір оқиға орнында үкіметтік комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.