«Мәжілісті балабақшаға айналдырмайық». Жас депутаттардың жасын 35-ке дейін ұлғайту ұсынылды

Автор: Azattyq Rýhy

Әділет министрлігінде өткен жиында «Парламентті жасартайық» деген де, «ол жерге байсалды адамдар бару керек» деген де ұсыныс айтылды

Бүгін Әділет министрлігінің қоғамдық кеңес мүшелері «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, және «Саяси партиялар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайлы заң жобаларының ережелерін талқылады. Оның ішінде Парламентке депутат болудың жас шегі жайлы ұсыныс жасалды. Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30%-дық квотаны қайта қарастыру қажет» деген еді.

Жиналысқа қатысқандардың көбі Парламентке депутат ретінде ұсынылатын партиялық тізімдегі жастар санаты 29 жас емес, 35 жасқа дейін болу керек деген пікірді алға тартты. Мұндай пікірді айтқан - Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов.

«Қазір адамдар оқуын 27 жасында бітіреді. Яғни, ЖОО-ны бұрынғымен салыстырғанда 4 жыл кеш аяқтайды. Ер адамдар 28-29 жаста үйленеді, қыздар 24 жаста күйеуге шығады. Олар әлі 29-да отбасы, жас ғалым ретінде тәжірибе жинап үлгермейді. Ал 35-те жетістікке жетіп, есейеді. Мәслихатқа 29 жасында бара берсін. Мәжіліске жастарды жібереміз деп алып, тек формалды түрде тапсырма орындаған болып қалмайық», - деген ой білдірді.

«Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев та осыған саятын пікір айтты.

«Біз балаларымызды 12 жыл оқытамыз. Медициналық білім алса, 27-28-де диплом алады. Ертең дауысқа салсақ, оған ешкімнің дауыс бермеу қаупі бар. Шетелдік тәжірибеге қарасақ, АҚШ-тың конгресіне 30 жастан бастап қабылдайды. Жапонияда да солай. Мәслихатқа 29 жаста бару дегенге келісуге болады. Бірақ, Мәжіліске тәжірибесі мол азаматтарды сайлау керек сияқты. БҰҰ-ның өзінде қазір классификация өзгерді. 44 жасқа дейін жастар деп белгіленді», - деді ол.

Пікір білдірушілер бұл арқылы жастарға шектеу қойылмайтынын, керісінше, квотаға іліну мүмкіндігі артанынын нақтылап өтті. Себебі, жастар категориясын 35-ке ұлғайтса, үміткерлер де көбейеді. Оның үстіне, 30-дағы азаматтарға үлкен кісілермен емес, өз қатарластарымен бәсекеге түскен жеңілірек болмақ.

Әділет министрлігінің қоғамдық кеңесінің төрағасы, экс-сенатор Серік Ақылбай «Мәжілісті балабақшаға айналдырмау керек» деген пікірде.

«29 жастағы бала халықпен қалай кездеседі? Мен 60 жаста депутат болсам да, кей сұрақтарда қиналдым. Мәжілісте өте қиын сұрақтар талқыланады, сондықтан ол жерде байсалды адамдар отыру керек. Ол ойнап-күліп кететін жер емес», - деді ол.

Министрліктің заңнама департаментінің директоры Олжас Данабеков жоғарыдағы пікірлерге қосылмайды.

«Біздің жастар интеллектуалдық тұрғыда жетілген. Сандарға келсек, бізде партиялық тізіммен Мәжіліске өтуге 98 мандат берілген. Конституциялық заң бойынша, сайлауда оларға қосымша 30 орын беріледі. Сонда әр партиядан 128 адам ұсынылады. Осының 30%-ы әйелдер мен жастар десек, олардың саны 35 адам болады. Менің ойымша, кез келген партия республика бойынша 35 білімді, тәжірибелі жасты таба алады», - деді О. Данабеков.

«Келісу» кәсіби медиаторлар одағының директоры Сара Ыдырысова керісінше Мәжілісте жастарды көбейтіп, егде депуттарды азайту керек деп есептейді.

«Көпті көрген адам ғана депутат болып сайлану керек дегенге келіспеймін. Парламентпен жұмыс істеп жүрміз, интернеттен де көріп жүрміз. Сондай «маңызды» істермен айналысатын депутаттарымыз ұйықтап отыр. Сондықтан, Парламентті жасарту керек. Ал 60, 70 жастағыларды депутат қылудың қажеті жоқ. Олар өмірден шаршаған адамдар. Тәжірибесіне сүйеніп басқа жұмыспен айналыссын. Егер депуттарға берілетін жеңілдіктерді алып тастап, айлығын азайтса, ол жерге шын қызмет еткісі келетіндер барар еді», - дейді ол.

Әділет министрлігі бүгінгі талқылауда айтылған ұсыныстарды 10 күн ішінде қарастырады. Айта кетейік, қазір депутаттар Мәжіліске партиялық тізім бойынша өтеді. Ол тізімге неше жастағы азаматтарды қосатынын әр партия өзі шешеді. Ал, Жастар саясаты туралы заңда жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіреді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан