$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.09.2022, 11:40
Саясат

«Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес»: Тоқаев су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеуді тапсырды

Президент ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанына назар аударды

«Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес»: Тоқаев су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеуді тапсырды
Фото: ашық дереккөзден

"Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп саласын субсидиялау бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.

«Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», - деді Президент.

Бұдан бөлек, Президент игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне тоқталып өтті.  Бүгінде комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. 

«Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанына назар аударды.

«Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», - деді өз Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары