$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.08.2022, 14:17
Саясат

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Украина елшісінің мәлімдемесіне наразылық білдірді

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Украина елшісінің мәлімдемесіне наразылық білдірді
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Министрдің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаевтың Украинаның Қазақстандағы Елшісі Петр Врублевскиймен кездесуі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Кездесу барысында елшіге осы жылдың 21 тамызында қазақстандық блогер Диас Құзайырға берген сұхбатында айтқан мәлімдемелеріне байланысты наразылық білдірілді», - делінген ҚР СІМ баспасөз хабарламасында.

Қазақстан тарапы мұндай мәлімдемелердің шет мемлекет елшісінің қызметіне сай келмейтіні және қолайсыздығы туралы ұстанымын білдірді.

«Мұндай іс-қимылдар мемлекеттер арасындағы достық қатынастарға нұқсан келтірмеуге тиіс», - деп атап өтті СІМ өкілі.

Айта кетсек, Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский блогерге берген сұхбатында «Украиндықтар ресейліктерді мүмкіндігінше көбірек өлтіруге тырысып жатыр» деп мәлімдеген болатын.

Шетелдік дипломаттың бұл мәлімдемесіне Қазақстан халқы Ассамблеясында да түсініктеме берілді.

«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Украина елшісі Петр Врублевский мырзаның қазақстандық блогерлердің біріне берген сұхбатында айтқан сөздерін қатаң айыптаймыз және ондай сарындағы мәлімделерге жол беруге болмайды деп санаймыз. Бейбітшілік пен бірлік біздің мемлекеттік саясаттың және қоғамдық бірігудің басты қағидалары. Сондықтан мұндай пікірді кім айтса да біздің қарсылығымызға ұшырайды», - делінген Ассамблея хабарламасында.

Сонымен қатар ұйым дипломатия – өшпенділік пен араздықты қоздыру үшін емес, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеалдарына қызмет етуі тиіс екенін жеткізген еді.

 

Серіктес жаңалықтары