Тоқаев шекараларды делимитациялау бойынша жұмыс алаңын құруды ұсынды
Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы шекара дауларын тек бейбіт жолмен шешу керек екенін айтты

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев шекараны делимитациялау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары аймақтағы тұрақсыздықтың әлі де сақталып отырған факторларын барынша жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек екенін айтты.
«Мемлекетаралық шекараларда атылған әрбір оқтың жаңғырығы тек сол елдерде ғана емес, бүкіл аймақта қатты естіледі. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында біздің мемлекеттер қайшылықтарды өркениетті түрде, жауапкершілікпен еңсерудің үлгісін көрсетуі тиіс. Біз шекараны заңды түрде рәсімдеу өте күрделі және нәзік мәселе екенін өз тәжірибемізден білеміз», - деді ол.
Мемлекет басшысы дау-жанжалды шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарын құрметтеу аясында бейбіт жолмен ғана шешуге болатынын атап өтті.
«Басқа балама жоқ. Проблемалардың бұл жинағын созып жүріп алу немесе елемеу шиеленісті күрделедіріп, сайып келгенде, Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерді жоққа шығаруы мүмкін. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі өзінің ұзақ шекарасын толық делимитациялауды жүзеге асырған жалғыз мемлекет ретінде өзара қолайлы шешімдерді іздеуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын», - деді Тоқаев.
Атап айтқанда, ол шекараны делимитациялаудың өзара қолайлы тәсілдерін әзірлеу үшін сараптамалық платформа құруды ұсынды.
«Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар мен басқа да мамандар тартылуы керек. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі аталған жұмысты үйлестіруді өз қолына ала алады», - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.