$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.01.2020, 15:27
Саясат

Британия бүгін Еуроодақтан шығады. Не өзгереді?

31 қаңтардан 1 ақпанға қараған түні Британия ресми түрде Еуропалық Одақтың құрамынан шығады

Британия бүгін Еуроодақтан шығады. Не өзгереді?
Фото: ашық дереккөзден

Кеше Еуроодақ Жоғарғы Кеңесі «Брекзит» туралы келісімшартты бекітті. 23 қаңтар күні тиісті құжатқа Ұлыбританияның патшайымы ІІ Елизавета мен елдің Премьер-министрі Борис Джонсон да қол қойған.

Талай рет кейінге шегеріліп, үш жылға жалғасқан процесс туралы BBC порталы «Еуропалық Одақтағы Британияның өкілдері заттарын жинастырып жатыр, ал ЕО елдерінің азаматтары бұл мемлекетпен өзара қатынасын жаңаша рәсімдеуге дайындалуда» деп жазды.

Сонымен, 47 жыл бойы Одақ құрамында болған Ұлыбритания бүгін «жаңа дәуірдің» басталуын Лондонда атап өтеді. Жергілікті уақытпен сағат 22:00-де Борис Джонсон ел алдында мәлімдеме жасайды. Атаулы күнге «Бейбітшілік, даму және барлық ұлтпен достық» деген жазуы бар арнайы монета шығарылады.

Фото: ашық дереккөзден

Дегенмен, 1 ақпаннан бастап Британия үшін көп нәрсе өзгере қоймайды. Себебі 31 желтоқсанға дейін Еуропа Одағы мен Британияның қатынасы үшін өтпелі кезең болады. Осы уақыт аралығында Ұлыбритания баяғыдай Одақтың заңына бағына береді. Тек ресми Лондон Еуроодақта шешім қабылдауға араласа алмайды, жиналыстарына қатыспайды. Еуропарламеннтегі Британияның атынан сайланған 73 депутат мандаттарын тапсырады.

Британияға қалай барамыз?

Британия әзірге Еуропалық Одақ елдерінен келетін туристерге визалық режим енгізуге ниетті емес. Басқа мемлекет азаматтарына да тұманды альбион еліне бару тәртібі өзгермейді. Яғни, қазақстандық туристерге де Брекзиттің айтарлықтай әсері бола қоймайды. Себебі, Ұлыбритания бұрыннан Шенген аймағына кірмейді. Сондықтан, Лондонға бару үшін арнайы виза бәрібір рәсімделуі тиіс.

Фото: ашық дереккөзден

Өтпелі кезең аяқталып, Британия Одақтан толық шығып болғаннан кейін, Премьер-Министр Борис Джонсон барлық шетелдіктер үшін жаңа иммиграциялық ереже енгізбек. Ол кезде адамдарға жасына, біліміне, кәсіби қабілетіне қарап Британияға көшіп келуге, жұмыс істеуге рұқсат береді. Ресми мәліметтерге сәйкес қазір Ұлыбритания жерінде 3,6 млн Еуроодақ елдерінің азаматтары өмір сүріп жатыр.

Брекзиттің Қазақстанға тікелей әсері

Британия Еуроодақтан шыққаннан кейін, еуропалық санкция саясатын ұстанбайды. Қарым-қатынасы «жақсы емес» елдермен экономикалық мәселелерін өзі шешеді. Егер ресми Лондонның Ресеймен қатынасы соңғы жылдары нашарлағанын ескерсек, енді Британия ол елге Еуроодақтан бөлек өз санкцияларын енгізуі де ғажап емес. Ал Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі болғандықтан, Ресейге салынатын санкциялар өзара тауар айналымына зиянын тигізетінін болжауға болады. Бірақ экономист Айдархан Құсайынов «Azattyq Ruhy»-на басқаша пікір білдірді.

«Ресейге қарсы бұған дейін талай рет санкция салынды. Дегенмен олар Ресей экономикасына әсерін тигізе алған жоқ. Олардың экономикасы санкцияға қарамастан біртіндеп өсіп жатыр. 2014-2015 жылдары-ақ АҚШ-та, Еуропа да Ресейді санкциямен әлсірету мүмкін емес екенін түсінді. Ол кезде бізге әсері де болған жоқ. Сондықтан Британия енді Ресейге жаңа санкция салса да, бізге қатысы болмайды», - деді ол.

 Құсайынов Қазақстанның шын мәнінде сыртқы әлеммен біз ойлағандай жақын емес екенін де алға тартады.

«Біздің сыртқы әлеммен интеграциямыз өте төмен деңгейде. Бірақ өзіміз басқа елдерде болып жатқан жағдайлар Қазақстанға әсерін тигізіп жатқандай көрсеткіміз келеді. Билік қандай да бір экономикалық проблема бола қалса, оны сыртқы факторлардан көріп үйреніп алған. Тек соңғы екі жылда ғана өзіміздің экономикалық саясаттағы қателіктерді ашық айта бастады.

Елбасы «Экономикалық саясат халықтың нақты табысын өсірмей жатыр» деді. Әйтпесе, бұрын өз ішіміздегі дағдарысты да әлемдік дағдарысқа жабатын едік. Алда-жалда Британияның Ресеймен қатынасы бұзыла қалса, Үкімет Қазақстанның экономикасы соның әсерінен өспей жатыр деген мәлімделер жасауы мүмкін екенін жоққа шығармаймын», - деп түсіндірді экономист.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Brexit #Ұлыбритания