500-ден астам ауыл әкімі «AMANAT» Саяси менеджмент академиясында оқуды бастады

Azattyq Rýhy

Онда қатысушылар маркетингтік талдау жүргізуді және ауыл экономикасын көтерудің перспективалық бағыттарын анықтауды үйренеді

500-ден астам ауыл әкімі «AMANAT» Саяси менеджмент академиясында оқуды бастады

«AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясы ауыл және ауылдық округ әкімдерін оқыту бағдарламасын бастады. Оның бірінші кезеңінде 500-ден астам ауыл әкімі халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласындағы біліктілігін жетілдіру курстарынан өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

Бүгін «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бейнеконференция байланысы арқылы Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған ауыл, ауылдық округ әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқыту семинарына қатысты.   

13-22 маусым аралығында Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының 535 ауыл әкімі оқыту семинарына қатысып жатыр. Жыл соңына дейін еліміз бойынша екі мыңнан астам ауыл әкімі мен партия аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқыту жоспарланып отыр. 

Оқыту барысында қатысушылар маркетингтік талдау жүргізуді және ауыл экономикасын көтерудің перспективалық бағыттарын анықтауды үйренеді. Ауылда тиімді бизнес-жобаларды жасау дағдыларын іс жүзінде пысықтауға баса назар аударылады.  

Семинарға қатысушылар алдында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы партия әсіресе, ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.  

«Жаңа Қазақстанды құру жағдайында заманауи басқарушыларды даярлаудың жаңа сапалы үлгісі қажет. Олардың біліктілігін арттыру үшін Саяси менеджмент академиясы толыққанды дайындық бағдарламаларын әзірледі.   Осылайша, 500-ден астам ауыл әкімін оқыту басталып кетті. Ал жыл соңына дейін 2 мыңнан астам әкім біліктілік артырады. Оқуды тиімді өткізу үшін Академия тренерлері өңірлерге арнайы барып, офлайн форматта оқытып жатыр. Әкімдердің алған білімдері ең алдымен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізетініне сенімдіміз», - деді Асхат Оралов.  

Айта кетсек, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауының қорытындысы бойынша биыл «AMANAT» партиясының мүшелері округтердің 87,3%-ында жеңіске жетті. Өңірлік конференцияларда партиядан ұсынылған 746 кандидат және 124 өзін-өзі ұсынушы әкім болып сайланды. Олардың көпшілігі бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен партияішілік праймериздің қатысушылары.  

«Бізге жоғары деңгейдегі тренерлер келіп, маркетингтің заманауи құралдарының негіздерін, болашағы бар бизнес-жобаларды анықтауды нақты мысалдармен түсіндіруде. Осының бәрін азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру үшін ауылға енгізу қажет. Біз алған білімімізді іс жүзінде қолдануға тырысамыз», - деді Қызылорда облысындағы Шиелі кентінің әкімі Ғабит Аманжолов.  

«AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ Съезінде партия Төрағасы басшыларды даярлау сапасын жақсартуды, бір жолғы семинарлар мен тренингтерден гөрі жүйелі, толыққанды дайындық бағдарламаларына көшуді, сондай-ақ партия активін жергілікті жерлерге барып оқытатын тренингтер өткізуді тапсырды.  

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.