Жетісу, Абай, Ұлытау: жаңа облыстарға кімдер әкім болуы мүмкін?
Саясаттанушы мамандар өз болжамын айтты

Күні кеше ғана ресми түрде құрылған жаңа үш облыстың басшылары әзірге тағайындалған жоқ. Десе де, қоғам мен сарапшылар арасында түрлі кандидаттардың аты-жөні айтылуда. Әсіресе, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің есімі фавориттер тізімінде көш бастап тұр.
Саясаттанушы Самат Нұртаза тағайындалатын жаңа облыс басшыларының статусына емес, өңірлердің жай-күйіне алаңдаушылық танытып отыр. Ең бастысы жаңа әкімнің бойында жанашырлық қасиеті болу керек дегенді алға тартты ол.
«Түрлі болжам айта беруге болады. Бірақ, мен қалай болғанда да ресми ақпаратты күтемін. Ең бастысы сол өңірге жаны ашитын адам болуы керек. Себебі бұл үш өңір де қатардан қалып қойған, 25 жыл бойы қараусыз қалған, жергілікті бюджетке түскен барлық ақшасы облыс орталығына кетіп отырған аймақтар. Ол жерлерге ешқандай қиянат жасай алмайсың, себебі әбден тозып кеткен. Сондықтан да ол жақты қалай гүлдендірсе де, бірден көзге көрінетін болады. Атқаратын жұмыс шаш етектен. Кім әкім болып барса да, үлкен жауапкершілікті мойнына алатынын сөзсіз. Оның үстіне бұл өңірлердің дамуы Президенттің тікелей бақылауында болады деген ойдамын.
Семейдің тұрған жері кедей өңір болмауы керек еді. Себебі Семейдің бір шеті Қытайға, бір шеті Ресейге тиіп тұр. Теміржол Семей арқылы өтеді. Қытай тауарларының басым бөлігі сол өңір арқылы тасымалданады. Сондықтан да бұл өңірдің қазіргі жағдайы мұндай болмауы керек. Қалған жаңадан құрылған екі облыстың да өз байлықтары бар. Бұрындары Жезқазған үлкен облыс болған. Оның бірнеше ауданын Қарағандыға беріп тастағаннан кейін, шаһар қолақтау болып қалды», - дейді ол.
Сонымен қатар, саясаттанушы БАҚ беттерінде жарияланған болжамның тізіміндегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қатысты ойымен де бөлісті.
«Аймағамбетов өз ісін өте жақсы білетін маман. Егер де ол кісі жаңа облыстардың біріне әкім болып тағайындалып жатса, құба құп болар еді. Өте жақсы кандидатура. Жалпы, халық арасында түрлі қауесеттер жүр. Кім болса да, ертеңгі күні ұялмайтындай, нәтижесін көрсететіндей адам болса екен деймін. Оның бұрынғы еңбек жолында әкім болғаны, не болмағаны маңызды емес. Меніңше ол жақсы менеджер болуы керек», - деген ойын айтты.
Ал, саясаттанушы Дос Көшім ең бірінші кезекте кандидат сол облыстың тумасы болуы керек деген пікірін айтты. Айтуынша, ондай басшыға жергілікті халықтың көзқарасы да дұрыс болады. Ал оның жас немесе үлкен кісі болуы маңызды емес.
«Мен қызметке қоятын адамды ешқашан да жас, не кәрі деп бөлмеймін. Бұл ретте оның біліктілігі, сол жұмысты меңгеруі әлдеқайда маңыздырақ. Мәселен, АҚШ Президенті Джо Байден 79 жаста, сол жасына қарамастан ол алып державаны басқарып отыр. Бұл дене күшімен жұмыс істейтін жер емес. Бұл жерде тәжірибе мен біліктілік маңызды рөл атқарады. Жас ерекшелігіне қарау меніңше адам құқығын бұзу, яғни дискриминация», - дейді Дос Көшім.
Бұған дейін еліміздегі облыстарды басқару тарихында аталған қызметке бір ғана әйел тағайындалды. Алдағы уақытта бұл үрдіс қаншалықты жалғасын табуы мүмкін?
«Мұны да дискриминация деп санаймын. Мемлекет кейде гендерлік проблема туындамасын деген мақсатта жасанды түрде квоталарды енгізеді. Мұндай тәжірибе Украинада да болған. Нәтижесінде партия басшылары парламентке өздерінің таныс-тамырлары мен туған-туыстарын әкелді. Иә, әйел адамдардың да қолынан басқарушылық қызмет келеді. Бірақ, бастысы жасанды болмаса екен деймін. Бұл әйелдерді шеттету емес, бастысы табиғи түрде болуы керек. Яғни ол тәжірибесі бар, лайықты кадр болса, онда қолдаймын. Бұған дейін Қызылорда облысын басқарған Гүлшара Әбдіқалықованы алып қарайтын болсақ, ол не істеді? Түк істеген жоқ. Тек әйел әкім бар деген сөз ғана қалды. Мен оны басқа әкімдерден төмен деп те, жоғары деп те айтпаймын», - дейді Дос Көшім.
Облыс басшысының орны Парламент депутаттарының біріне де бұйыруы мүмкін. Бұл ретте кей сарапшылар Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлының кандидатурасын айтуда. Еске сала кетейік, халық қалаулысы бір кездері Қостанай облысы Арқалық қаласының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
«Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншіден, депутаттың бұл бағытта тәжірибесі болуы керек. Бұл ең негізі мәселе. Өйткені депутаттықты тастап, басқарушылық қызметке бару оның сол қызметке қажеттілігі бар екенін көрсетеді. Екіншіден, депутаттың өзінің келісімі керек. Өйткені жуырда ғана өткен референдумнан кейін күзге дейін өте көп заң дайындалуы керек. Бұл ретте Парламент каникулға кетпейміз десе, мен қуанар едім. Яғни осындай сәтте депутат әкімдік қызметке бармай, заң шығару жұмысына атсалысуды қаласа, оны өңірге күштеп жіберуге болмайды. Тағы қайталап өткім келеді, оның әкімдік қызметте тәжірибесі міндетті түрде болуы керек», - дейді саясаттанушы.
Дос Көшім тағайындалатын әкімнің жасы маңызды рөл атқармайды десе, қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай керісінше, бұл қызметке тек жастар келу керек деген ойын білдірді.
«Жалпы, мемлекеттік қызметкер, оның шінде облыс әкімдері жаңа стандарттармен жұмыс істеуі тиіс. Президент Тоқаев өз сөзінде Жаңа Қазақстанда әділетті принцип болатынын айтты. Сондықтан да сол әділетті принципті қамтамасыз ету үшін ең басты талап ол – ашықтық. Әкім ашық болуы керек, халықпен жақсы байланыста жұмыс істей білуі тиіс. Қазір көп мүмкіндік бар. XXI ғасыр – технология ғасыры. Мәселен әлеуметтік желілер кез келген әкім үшін өте мықты инструмент. Олар осы әлеуметтік желілер арқылы халықтың «диагнозын» біліп отыра алады. Бастысы осындай мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білетін әкімдер керек. Міне, сол кезде ғана тиісті өзгерістер көрініс табады. Жаңа құрылған облыстарға сондай басшылар қажет деп ойлаймын.
Жастарға мүмкіндік берілу керек. 60 жастан асқан қариялар әлеуметтік желілермен жұмыс істей алмайды. Олар смартфонмен жылдам жұмыс істеуге қауқарсыз. Бірінің көзі жетпейді, бірінің тетіктерді жылдам басуға шамалары келе бермейді. Сол үшін олар өздеріне көмекші алып алады. Қазіргі уақытта оларды мұндай жауапты қызметтерге тағайындап қажет емес», - дейді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы.
Азаматхан Әміртай бұл лауазымға әсіресе 30 бен 40 жас аралығындағы азаматтарды тағайындау керек деп есептейді. Ең көп дегенде «50 жастан аспағаны аспағаны жөн» дейді.
Сондай-ақ, қоғам белсендісі жаңа облыс басшыларының қызметін атқаруға лайықты деп санайтын бірқатар есімді атады.
«Депутаттардың арасынан Саясат Нұрбекті айтар едім. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те әбден лайықты деп ойлаймын. Әрине, министрліктің де жұмысы ауқымды, бірақ олар көбіне кабинетте отырады, ал әкім ол тікелей халықпен жұмыс істейтін адам. Бұл тәжірибені де көру керек. Сол себепті ол өңірге барып, халыққа қызмет етуге лайықты кандидатура. Сонымен қатар, Ерлан Каринді атап өтуге болады. Оның жасы әкім болуға сай», - деді Азаматхан Әміртай.