ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 140 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

«Nur Otan» мен алматылық белсенділер соты: апелляциялық алқа шешімді өзгеріссіз қалдырды

Айыпталушылар жалпы сомасы 6 млн теңге өтемақыны төлеуі тиіс

Алматы қалалық сотында белсенді азаматтар – Альнур Ильяшев, Марат Тұрымбетов және Санавар Закированың апелляциялық шағымы қаралды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Алматылық үш тұрғын бұған дейін «Nur Otan» партиясы мүшелерінің іскерлік беделіне нұқсан келтіргені үшін сотталған болатын.

Белсенділердің сұрауы бойынша апелляциялық сот қалалық соттың мәжіліс залында өтті. Процесс ашық болғандықтан оған кез келген азамат қатыса алды. Сот сондай-ақ, арызданушылардың видеотүсірілім жасау талабын да мақұлдады.

Процесс белгіленген уақыттан кеш басталды. Өйткені, арызданушыларды қолдауға келген жақтастары шу көтеріп, судьяның жұмысына айтардықтай кедергі келтірді. Залдағы тәртіп сақшылары шу шығарғандардың бірін залдан шығарып жіберуге мәжбүр болды.

Санавар Закирова судьяға жасаған үндеуінде алдымен партия мүшелерін балағаттап, артынша істі қайта қарау үшін алғашқы сот инстанциясына қайтаруды сұрады. Алайда, апелляциялық алқа Закированың талабын орындаудан бас тартып, артынша тараптар жарыссөзге шықты.

«Сот алқасы 2019 жылдың 18 қарашасында аталған азаматтық іс бойынша қабылданған шешімді өзгеріссіз қалдыруға шешім қабылдады», - деді Азаматтық іс бойынша сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Бақыт Мәлік-Тегі.

Енді апелляциялық алқаның шешімі 6 ай көлемінде Жоғарғы сотта кассациялық тәртіпте қаралуы мүмкін.

Еске салайық, аталған апелляциялық отырыс 23 қаңтарда өтуі тиіс болған. Алайда, сотқа келген азаматтар кеше шу шығарып, судья отырысты кейінге шегеруге мәжбүр болды.

Айта кетейік, былтыр қыркүйек айында «Nur Otan» партиясы өз беделіне нұқсан келтірді деген себеппен алматылық үш тұрғынды сотқа берген болатын. Себеп – белсенді азаматтар әлеуметтік желілерде «партия құруымызға «Nur Otan» кедергі келтіруде» деген жазба қалдырған. Мұнан кейін партияның төрт өкілі де іскерлік беделімізге нұқсан келтірді деп, 2019 жылдың 18 қарашасында Жетісу аудандық сотына әлгі үшеудің үстінен шағым түсірген.

Аудандық сот шешімімен белсенді үшеу өз жазғандарынан жазбаша бас тартып, яғни жалған сөйлегендерін мойындап, арыз беруші төрт адамның әрбіріне 1,5 млн теңгеден өтемақы төлеуі тиіс болған. Ал, партиялықтар болса өндіріп алған осынау қаражатты түгел қайырымдылыққа жұмсайтындарын айтты.