Партияны тіркеу жұмыстарын жеңілдетуге қатысты түзетулер жыл соңына дейін қабылданады
Заң жобасын Парламент қарауына енгізу осы жылдың тамызына жоспарланып отыр
Қазақстанда 2022 жылдың соңына қарай саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдетуді көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Әділет министрі Қанат Мусин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім еткендей, заң жобасын Парламент қарауына енгізу осы жылдың тамызына, ал қабылдау жыл соңына дейін жоспарланған.
«Саяси партиялар туралы заңға саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдетуге бағытталған түзетулер енгізіледі. Атап айтқанда, партия құру жөніндегі азаматтардың бастамашыл тобының ең аз санын шамамен үштен біріне, яғни 1 мыңнан 700-ге дейін қысқарту; партияларды тіркеу үшін қажетті шекті деңгейді 20 мыңнан 5 мың адамға дейін қысқарту; партиялардың аймақтық өкілдіктерінің ең аз санын үш есеге – 600-ден 200 адамға дейін қысқарту көзделіп отыр», - деді министр.