Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ-нің Қазақстандағы елшісін қабылдады
Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын жандандыруға баса мән берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед Әл-Арикиді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы стратегиялық серіктестіктің даму перспективалары талқыланды. Маңызды салалардағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға баса мән берілді.
«Мемлекет басшысы екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді қарым-қатынастарды дәстүрлі түрде одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті», - делінген ақпаратта.
Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдіріп, өз елінің екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.