$ 518.34  591.06  6.27
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ресей – Украина дағдырысы: Батыс саясаткерлері Мәскеуге ағыла бастады

Олар Ресейдің Украинаға басып кіруі әбден мүмкін деген болжамын айтып отыр

Ресей – Украина дағдырысы: Батыс саясаткерлері Мәскеуге ағыла бастады
Фотоколлаж

Германия канцлері Олаф Шольц бүгін Киевке барып, одан әрі ат басын Мәскеуге тірейді. Саясаттанушылар бұған дейін неміс үкімет басшысының бұл шиеленіске араласпай отырғанын айтқан болатын. Канцлердің аяқ астынан неге Украина мен Ресейге сапар шеккенін алдағы кездесулер барысында белгілі болады. Бұл туралы BBC NEWS жазды.

Айта кету керек, демалыс күндері Ұлыбритания сыртқы істер министрі Лиз Трасс Ресейге келіп кетті. Ал дүйсенбі Олаф Шольц Украина жетекшісі Владимир Зеленскиймен кездескен соң, Ресейге баратынын айтқан. Ертең Германия канцлері Владимир Путинмен келіссөздер жүргізеді. Германия басшысының Мәскеуге сапары батыс елдерінің оған тағып жатқан айыптауларымен тұспа-тұс келіп отыр. НАТО-ға мүше елдер Германияны украин-орыс дағдарысы басталғалы бері үнсіз отыр деп айыптаған еді. Тіпті Киевке қару-жарақ беру бастамасын да қолдаған жоқ деп кінә артқан болатын. Олаф Шольц Еуропа елдері басшылары ішінде «Северный поток-2» жобасына қатысты да нақты позициясын білдірмеген еді. Егер Ресей Украинаға басып кірсе, бұл жобаның тағдыры не болады деген сауал туындағанда канцлер үнсіз қалған.

Зеленский қолдау күтеді. Ал Байден Украинаға бара ма?  

Бұған дейін Украинадан дипломаттар мен шетелдік компаниялардың басшылары және олигархтардың жаппай кетіп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Ал, кейбір әуе рейстері жолаушыларға билеттерін кері қайтарып жатыр. Жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялар мұны Украина әуе кеңістігімен ұшудан бас тартқанымен түсіндіреді. АҚШ және Еуропа одағына мүше елдер Украинадағы өз азаматтарына елге қайтуға кеңес берді.

Бүгін түнде Украина президентінің кеңсесі Владимир Зеленскийдің Байденмен телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ президентін шақырғанын хабарлады. Жаңа жылдан бері екі ел жетекшілері үш рет телефон арқылы сөйлесіп, Ресей- Украина дағдарысы бойынша кеңескен. Алайда, батыстың беделді басылымдары Джо Байденнің Украинаға келуі екіталай деген болжамдарын айтқан. Олар тіпті, Ақ үйдің ресми хабарламасында Байден мен Зеленскийдің сөйлескені туралы ақпараттар жоқ деп жазады. Бірақ, Украина президентінің әкімшілігі АҚШ басшысы Украинаның тәуелсіздігіне қол сұғу әрекетін айыптайды, ал Ресей агрессиясына қатаң соққы беріледі деген мәлімдеме таратты.

Путин қауіпті. Гитлер де соғыс ашпаймын деп уәде берген – Бен Уоллес

Жақында Мәскеуге ресми сапармен келіп кеткен Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес Ресей әскері Украинаға басып кіру қаупі бар деп мәлімдеді. Ол дәл қазір қалыптасқан жағдайды Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы аласапыранмен салыстырды. Sunday Times басылымына берген сұхбатында Еуропадағы жағдай мен белгісіздік өткен заманды еске түсіреді деді.

«Соғыс ашпаймын деп қол қойған фашистік Германия шабуыл бастап жібергенін ұмытпауымыз керек. Осы уақытта Украина шекарасына 100 мың әскер жеткізілді. Мұндай көлемдегі контингент қырғи-қабақ соғысы уақытанын бері болған емес. Сондықтан «соғыс болмайды» деген сөзге иланып, бейғам отыруға болмас. Тарихта «Мюнхен келісімі» деген атпен белгілі оқиғаны ұмытпауымыз керек. Ұлыбритания мен Франция басшылары Гитлермен келісіп, Еуропада үлкен соғыс болмайды деп үміттенген. Алайда, арада бір жыл өткенде адам сенгісіз қырғын басталды емес пе?! Ол (Путин – авт.) шекарада тұрған танктердің қозғалтқышын сөндіріңдер деп бұйрық береді, бәріміз тарап кетеміз. Ары қарай не болатыны беймәлім», - дейді Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес.

Сарапшы пікірі

Саясаттанушы Талғат Қалиев дәл қазіргі кезде әлемнің бірде-бір сарапшысы «соғыс бола ма?» деген риторикалық сауалға жауап бере алмайтынын айтты. Бірақ, қақтығыс мүмкіндігі расымен де өте жоғары екенін мойындап отыр. Кез-келген атыс, керісіп қалу немесе арандату, тіпті тұрмыстық кикілжің бұл текетіресті миллиондардың соғысына итермелеуі мүмкін. Тарихта да ұлы соғыстардың алдында ешкім қантөгісті қаламаған.

«Соғыс кез-келген уақытта басталып кетуі кәдік. Ондай мүмкіндік мол. Себебі бәрі соғысқа дайын, сондықтан қақтығыс тәуекелі жоғары. Жетекші елдер өз азаматтарын Украиндана шығуға кеңес берді. Басқа жағынан қарасақ, ешқайсысы бұл соғыстың болғанын қаламайды. Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдында тараптардың ешқайсысы соғысты жақтамады. Олар да қандайда бір әскерсіз шиеленістермен аяқталады деп үміттенген. Ақырында ондаған миллион адам шығыны болды.

Соғыстың мәні-маңызы мен өз мінезі болады. Дәл қазіргідей күштердің шоғырлануы болғанда, оның риторикасын түсіну, бақылау қиынға соғады. Кез-келген кездейсоқ атыс, арандату немесе бір құрбандық ауқымды шиеленіс пен шынайы қақтығыстарға жол ашады. Көптеген мемлекеттердің тартылуы, техника, адамдар жұмылдырылып, әп-сәтте қырғынға ұласуы мүмкін. Ешкім бұл соғыстың нақты болжамын айта алмай отыр. Тек Ресей жағындағы саясаткерлердің қадамы мен әрекетіне байланысты болып тұр, деп ойлаймын», - дейді Талғат Қалиев.

Украинада тұратын Қазақстан азаматтарының ішінде елге жедел түрде қайту немесе Сыртқы істер министрлігінен көмек сұраған деректер тіркелмеген. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді. Ведмоствоның ақпаратына қарағанда, Украинада қазір 1 110 Қазақстан азаматы консулдық есепте тұр. Оның ішінде 493 адам уақытша тіркелген. Олар елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері, студенттер және бизнес өкілдері. Десе де, осы күндері елшілік пен консулдықтарға ондаған қоңырау түскен. Азаматтар алаңдаулы, бірақ Қазақстанға эвакуация жасау туралы нақты өтнішітер болған жоқ, делінген хабарламада. СІМ дерегінше, отандастарымыз негізінен Киев, Харьков, Львов, Одесса және Днепр аумақтарындағы консульдықтарға хабарласа алады.

Серіктес жаңалықтары