«Бюджет қаржысы оңды-солды таратыла беретін тегін дүние емес»: Президент субсидиялау жүйесін сынға алды
Тоқаев жағдай түзелмесе агроөнеркәсіп кешені шикізат өндірумен шектеліп қалатынын жеткізді

Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, аталған салада ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы жүйенің жұмысын сынға алып, Үкіметке жаңа тапсырма жүктеді.
Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып берумен ғана шектелген. Оған ешқандай талдау жасалмаған. Қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған.
«Субсидия түпкі иесіне жетпей орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар оның қызығын көруде. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 млрд теңге бөлінді. Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған. Сонымен қатар, субсидия алып отырған жұрттың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және сақтауға аса құлқы жоқ. Себебі субсидиялау жүйесінің өзі шаруаларды бұған ынталандырмайды», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жағдай түзелмесе агроөнеркәсіп кешені шикізат өндірумен шектеліп қалатынын жеткізді. Мемлекет басшысы субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жоқтығын алға тартты.
«Жеке құрылымдар субсидия бөлуге қатысты түрлі порталдар ашқан. Олар өз қызметі үшін шаруалардан үштен он бір АЕК ақша алып отыр. Шаруалардың бұған наразылық білдіруі орынды. Үкіметке субсидялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеуді тапсырамын. Бұл плаформа шаруаларға тегін қызмет көрсетуі керек. Субсидия мемелкет беретін міндетті төлем емес екенін әркім білуге тиіс. Бұл шаруаларды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл. Бюджет қаржысы оңды-солды таратыла беретін тегін дүние емес. Субсидиялау жүйесінде осы мәселені реттейтін тың тәсілдер қарастырылуы қажет. Субсидия алған адамнан жұмыс тиімділігін арттыруды талап ететін боламыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.