Газ бағасы 2024 жылға дейін өзгермейді – Үкімет басшысы
2023 жылдан бастап суды тұтыну көлемі бойынша сараланған тариф енгізіледі
«Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету» бағыты бойынша Үкімет инфляцияны бақылау және төмендету, тарифтік саясатты жетілдіру, қаржылық тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыруға күш салады. Бұл туралы Әлихан Смайылов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ішкі нарықты арттыру және олардың тапшылығына жол бермеу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірісі ұлғайтылады. Сондай-ақ ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың 1-кезеңі іске асырылатын болады. Ішкі нарық қосымша 150 мың тонна көлемінде сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етіледі. Шикі және тауарлық газдың бағасы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін өткен жылғы желтоқсан деңгейінде бекітілетін болады», - деді өз баяндамасында Үкімет басшысы.
Тарифтік саясатты жетілдіру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру және инвестициялық бағдарламаларды іске асыру бойынша бақылауды қамтамасыз ету жөнінде заңнамалық шаралар қабылданбақ.
«Сондай-ақ коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде халықтың мұқтаж санаттарын жеке топқа бөлу жоспарлануда. Су ресурстарына ұқыпты қарауды қалыптастыру және объективті ақы белгілеу үшін 2023 жылдан бастап суды тұтыну көлемдері бойынша сараланған тариф енгізілетін болады», - деді Әлихан Смайылов.