Қазақстан жастары саясатқа қаншалықты қызығады?
Зерттеу нәтижесі жастардың басым бөлігі саясаттан «алыс» екенін көрсеткен
Қазақстандық жастардың құндылықтарын, оларды мазалайтын мәселелерді және көзқарастарын анықтау мақсатында Фридрих Эберт қоры жақында ауқымды зерттеу жүргізген болатын. Зерттеу жұмысының таргеті – қалада және ауылда тұратын 14-29 жас аралығындағы жастар. Әлеуметтік зерттеу жұмысында мәлімет жинаудың сандық та, сапалық та әдісі қолданылған. Әлеуметтік зерттеу 2020 жылы жүргізілгенімен, оның нәтижелері 2021 жылы жарық көрген.
Зерттеудің сандық бөлігінде 14–29 жас аралығындағы 97 қазақстандық жаспен сұхбат жүргізілді. Сауалнамаға қатысқандар бірнеше әдіс арқылы (тікелей, телефонмен, онлайн) жауаптарын берген. Зерттеудің сапалық бөлігінде де еліміздің барлық өңірі қамтылып, оған жалпы саны 1000 адам қатысты.
Зерттеу баяндамасындағы бөлімдердің бірінде жастардың саясатқа көзқарасы мен саясатқа қатысты ұстанымы, елдегі саяси өмірге араласу деңгейі, саяси мәселелерге қаншалық зер салатыны және саясатты қаншалық білетіні қарастырылған. Төмендегі графикадан сауалнамаға жауап бергендердің жартысына жуығы (47,8%) саясатқа мүлде қызықпайтыны байқалады, 10,5%-ы қызықпайтынын, 11,4%-ы қатты қызығатынын, 7,8%-ы қызығатынын, 20%-ы саясат туралы ойламайтынын жеткізген.
Саясаттан қаншалық хабардар екені туралы сұраққа жастардың 16,9%-ы саясатта «көп нәрсені білетінін» айтқан, 49,5%-ы бұған келіспесе, әрбір төртінші респондент (24,3%) орташа деп жауап берген. Кішігірім қалалар мен ауыл жастары арасында саясаттан хабардар жандар саны (20,8%) қала жастарына қарағанда (14%) көп. Бұл сандар Қазақстан жастарының саясатқа белсенді араласпайтынын көрсетеді.
Биылғы зерттеу жастардың саясатқа қызығу деңгейінің төмендегенін көрсеткен. 2016 жылы «саясатқа қызықпаймын» дегендер саны 33,6% болған еді.
«Бір жағынан, жастар білім алу, отбасын асырау, әскерде қызмет ету, жұмыс іздеу сияқты күнделікті тіршіліктен босамауы мүмкін. Екінші жағынан, Кеңес дәуіріндегі халықтың саясатқа араласпау жайы халықтың ұстанымына әлі де әсерін тигізіп келеді деп ұйғаруға болады», - деген болжам келтіреді зерттеушілер.
Сонымен қатар, жастардың біразы әлеуметтік мобильдігі болмаған соң да саяси мансап жасау мүмкіндігіне сенбей, саясатқа қызықпауы мүмкін. Зерттеу көрсеткендей, ауыл мен қала жастарының саясатқа қызығу деңгейі бірдей. Сауалнамаға жауап бергендердің бірі Қазақстандағы саяси белсенділік төмен болуын былайша түсіндірді:
«Біз саясатпен саясаткерлер айналысуы керек деп ойлаймыз. Сондықтан саясаттан тыс жүреміз. Біздің шаруамыз емес, әркім өз шаруасымен айналысуы керек, саясатпен саясаткерлер айналысады деп ойлаймыз», - дейді сауалнамаға қатысқан кейбір жастар.
Айта кетерлігі, қазақстандық жастар ішкі саясатқа ғана емес, халықаралық саясатқа да аса қызығушылық танытпайды: 15%-ы ғана Еуроодақ пен АҚШ саясатына қызығушылық білдіретінін айтса, Ресей саясатына қызығатындар саны сәл көбірек – 18%. Зерттеушілердің жазуынша, «бұл Ресейдің Қазақстанның саяси өміріне ықпалының бар екеніне, елдің солтүстік облыстарының Ресеймен географиялық және мәдени тығыз байланысты болуына байланысты болса керек».
Жастардың еліміздің облыстық және жергілікті деңгейдегі саясатқа да қызығу деңгейі дәл осындай. Жауап бергендердің 28%-ы облыстық және жергілікті саясатқа мән беретінін айтса, 47%-ы бұған мүлде көңіл аудармайтынын жеткізген. Ауыл жастары мен қала жастарының облыстық және жергілікті саясатқа қызығу деңгейінде айырмашылық аз. Ауыл жастарының арасында облыстық және жергілікті саясатқа қызығатындар көрсеткіші – 31%, қала жастары арасындағы көрсеткіші – 27%. Гендерлік тұрғыда қарастыратын болсақ, сауалнама нәтижесі әйелдердің 19%-ы, ер адамдарың 20%-ы саясатқа қызығатынын көрсеткен.
«2016 жылы жүргізілген сауалнамамен салыстыратын болсақ, жастардың саяси жаңалықтар алатын ақпарат көздерінің реті ауысқан. 2016 жылы бірінші орында – теледидар, екінші орында – интернет, үшінші орында – өзге әлеуметтік медиа болған», - дейді авторлар.
2016 жылы жастардың 10%-ы ғана ақпаратты әлеуметтік медиадан алатынын жеткізген. Биылғы зерттеу нәтижесіне сәйкес, саяси жаңалықты тұтынудың негізгі үш көзі – интернет (78,8%), теледидар (32,7%) және әлеуметтік медиа (13%) екені анықталған. Сондай-ақ, жастар ақпаратты достарынан (6,1%), отбасы мүшелерінен (4,9%), радиодан (4,1%), газеттен (2,8%), өзге құралдардан (6,1%) да алады.
Электрондық құралдар, оның ішінде интернет бүгінде жастардың ақпарат алар көзі ретінде кең тараған құрал болып отыр. Дегенмен, ауыл және қала жастарының ақпараттануында айырмашылық бар. Ауыл жастары көбіне саяси жаңалықты теледидардан естісе, қала жастары әлеуметтік медиадан тұтынады.
Сайлауға қатысу. Жастардың саясаттағы белсенділігі және сайлауға қатысу деңгейі де зерттелді. Сауалнамаға жауап бергендердің 59,1%-ы демократиялық қоғамда әрбір азамат дауыс беруі керек десе де, Қазақстанда сайлауға дауыс беруге барлық адам бара бермейді. Төмендегі диаграммадағы нәтиже жастардың саяси өмірде белсенді емес екенін көрсетеді, яғни жауап бергендердің үштен бірі ғана (29,6%) соңғы Парламент сайлауында дауыс берген, 37,5%-ы дауыс беру құқығын пайдаланбаған, 26,7%-ның дауыс беруге жасы жетпеген.
Жас категориясымен қарастыратын болсақ, 20–29 жас аралығындағылардың 40%-на жуығы дауыс берген, 45%-дан көбі дауыс бермеген. Сайлауда белсенділік танытпаудың негізгі себебі – сайлау нәтижесі мен сайлаудың өткізілу процедурасына күмәннің болуы.
Әлеуметтік медиа мен интернет жастардың пікір білдірер танымал платформасына айналса да, аталмыш платформалар арқылы саяси белсенділік танытатындар өте аз. Сауалнама нәтижесі жастардың басым көпшілігінің (76,2%) белсенді емес екенін, 16,1%-ы ғана осы платформалар арқылы саяси өмірге араласқысы келетінін көрсеткен. Қыз балалардың 68%-ы, ер балалардың 57,8%-ы саясатқа араласқысы келмейді. Саясатқа араласу мен наразылық білдірудің бір формасы – саяси немесе экологиялық себеп бойынша өнімді сатып алудан бас тарту. Жауап бергендердің 5,5%-ы осы себептер бойынша өнім сатып алудан бас тартып көрген, 17,4%-ы келешекте осындай әрекет арқылы наразылығын білдіргісі келеді. Сондай-ақ сауалнама жастардың тұрғылықты жеріне байланысты саяси белсенділігі көрсеткішінде айырмашылық бар екенін көрсетті.