$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.12.2021, 09:01
Саясат

Бүгін – Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

30 жылда Қазақстан әлем сахнасында айтарлықтай беделге ие болды

Бүгін – Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері 30 жыл өтті. Бүгінгі таңда Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. 30 жылдың ішінде еліміз көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.

Осындай айтулы күні Қазақстанның егемен ел ретінде қалыптасу жолындағы маңызды оқиғаларға қысқаша көз салып өткенді жөн көрдік.

1991 жылы 16 желтоқсанда Алматы қаласында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» заң қабыл­да­ды. Бұл – еліміз бен хал­­қы­­мыз­­дың болашақ дамуын, ер­тең­гі тағ­дырын анықтаған аса ма­ңыз­ды, тарихи құжат.

Осы жылы Тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылды. 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматыда өткен жиында ТМД-ны құру туралы Келісім хаттамасына қол қойды.

1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 46-сессиясы Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабылдады.

Дәл осы жылы Қазақстан өзінің Мемлекеттік рәміздерін (Ту, Елтаңба, Әнұран) бекітті.

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды.

Қазақ елі Тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап шеттегі қандастарды тарихи отанына шақырып, басына баспана, алдына асын берген Нұрсұлтан Әбішұлы 1992 жылы 28 қыркүйекте әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақты Атажұртқа шақырып, алғаш рет Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы өтті.

Қазақстан Тәуелсіздігін жарияламай тұрып, Тәуелсіздік туралы декларация қабылдады. Ол – 1990 жыл болатын. Ал араға 3 жыл салып, 1993 жылы 28 қаңтарда Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрған еді. 

1993 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның төл теңгесін жасауға шешім шығарды. Сөйтіп 1993 жылдың 12 қарашасында Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

1995 жылғы 30 тамызда Республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды.

1997 жылы 16 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең алғашқы жолдауын жасады. Онда еліміздің 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы таныстырылған болатын.

1997 жылы 20 қазанда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады.

Қазақ елі ықпалды халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Мәселен, 2002 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірінші саммиті ұйымдастарылды. 2010 жылы Қазақстан мұсылман елдерінің ішінде бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету абыройына ие болды. Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Оған 28 мемлекеттің басшысы қатысты. 2017 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті де қазақ жерінде өтті. Осы шарада Астана декларациясы қабылданды.

2019 жылы 19 наурыз күні кешкі сағат 19:00-де Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа бейнеүндеу жолдап, өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімеді. Осылайша, елді 30 жыл басқарған президент өз еркімен қызметінен кетті. Қазақстандықтар үшін бұл тосын мәлімдеме болды.

30 жылдың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметіне бес рет сайланған. Елбасы өз орнына Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Басында ол мемлекет басшысының міндетін атқарды. Ал 9 маусымда кезектен тыс сайлауда 70 пайыздан астам дауыс жинап, ресми түрде президент атанды. 

Сол уақыттан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының салып кеткен сара жолын жалғастырып, егемен елдің дамуы мен қарыштауы жолында оң шешімдер қабылдап, маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді.

Қорыта келгенде, 30 жыл деген тарих үшін аса көп уақыт емес. Десек те, сол уақыт аралығында Қазақстан өзінің мәңгілік ел екенін әлемге паш ете алды.
 

Серіктес жаңалықтары