Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығының келешегі талқыланды – ҚР СІМ

Azattyq Rýhy

Кездесудің негізгі мақсаты – өткен жарты жылдықтағы бірлескен жұмыстың қорытындысын шығару

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лудың тең төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссияның кезекті шолу отырысы өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесудің негізгі мақсаты – өткен жарты жылдықтағы бірлескен жұмыстың қорытындысын шығару және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін айқындау болды.

Іс-шараның күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынастардың саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық салалардағы кең ауқымды өзекті мәселелері, сондай-ақ адам құқықтары, адам саудасы және т.б. мәселелер қамтылды.

«Біз кеңейтілген стратегиялық серіктестігімізді достық, өзара құрмет және сенім рухында одан әрі тереңдетуге ниеттіміз», – деді А. Рахметуллин өз сөзінде.

АҚШ делегациясының Нұр-Сұлтанға сапары шеңберінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді америкалық қонақты қабылдап, екіжақты күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылады. Келіссөздер барысында Д. Лу Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Америкалық дипломат Вашингтон Нұр-Сұлтанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын және Қазақстанмен де, жалпы Орталық Азия өңірімен де берік, әрі тұрақты қарым-қатынастарды сақтауға ниетті екенін атап өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.