Путин билікке алғаш келгенде Ресейдің НАТО альянсына қосылғанын қалаған – БАҚ

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жайында әскери альянстың бұрынғы хатшысы Джордж Робертсон айтты

Трансатланттық альянстың бұрынғы бас хатшысының мәлімдемесіне сәйкес, Владимир Путин екі мыңыншы жылдардың басында Ресейді НАТО әскери блогының құрамында көргісі келген. Бұл жайында британиялық The Guardian басылымы жазды.

1999-2003 жылдар аралығында НАТО-ны басқарған Джордж Робертсонның айтуынша, Путин өз елінің мүшелікке өту үшін өтініш беру процесінен өтіп, «маңызы жоқ көптеген елдермен» қатар кезекте тұрғанын қаламаған.

Робертсон Путиннің НАТО-ға мүше елдердің басшыларымен алғашқы кездесуінде Ресейдің Батыс Еуропаның бір бөлігі болғанын қалайтынын ашық айтқан. «Ресей басшылығы сол кезде қауіпсіз, тұрақты дамып жатқан батыс қоғамының бөлшегі болғысы келген», - деді бұрынғы хатшы. 

2000 жылы Ресей президентімен болған кездесуін Джордж Робертсон былай сипаттайды: «Путин маған Ресейді НАТО-ның мүшелігіне қашан шақырасыздар?», - деп сұрады. Робертсон жауап ретінде: «Біз өзіміз ондай шақырулар таратпаймыз, елдер өздері мүшелікке өту жөнінде өтініш тастайды», - деп жеткізген. Сонда Путин: «Қызық екен, біз маңызы жоқ көптеген елдермен қатар кезекте тұруды қаламаймыз», - деп жауап берген.

Бұл мәлімдеме Путиннің 21 жыл бұрын, өзінің бірінші ұлықтау рәсімінен кейін BBC арнасының журналисі Дэвид Фростқа айтқан пікірімен жанасады. Фростқа берген сұхбатында Путин Ресейдің тең серіктес ретіндегі көріп, оның пікірі ескерілеген жағдайда ғана НАТО-ға мүше бола алатындығын айтқан. Сонымен қатар, ол Фростқа НАТО-ны жау ретінде көре алмайтындығын жеткізген. «Ресей еуропалық өркениетке кіреді және мен өзімнің елімді Еуропадан, жалпақ тілмен айтқанда – өркениетті әлемнен оқшауланғанын елестете алмаймын», - деген Ресей президенті.

Лорд Робертсонның CNN телеарнасының бұрынғы тілшісі Мишель Косинскиге берген сұхбаты Путиннің 21 жыл ішінде сыртқы саясатқа қатысты көзқарасының қаншалықты өзгеріске ұшырағанын көрсетеді.

Гардиан газетінің жазуынша, 2004 жылы Украинада революция басталған кезде Путин Батыс елдеріне күмәнмен қарай бастады. Ол Украинадағы протесттерді Батыстың «демократияны дамытуды көздейтін үкіметтік емес ұйымдар» қаржыландырған деген пікір ұстанған. 

«НАТО альянсының орталық және шығыс Еуропаға қарай кеңеюі, яғни Румыния, Болгария, Словакия, Словения, Латвия, Эстония, Литва сияқты бірқатар елдің әскери одаққа кіруі оның ызасын тудырған. Хорватия мен Албания 2009 жылы мүше атанды. Грузия мен Украинаға 2008 жылы НАТО тарапынан уәде берілген, алайда әлі күнге шейін шешім қабылданған жоқ», - деп жазады басылым.