Қазақстан – әлем елдері арасында көпірге айналған стратегиялық маңызды ел – Курт Уэлдон

Автор: Azattyq Rýhy

АҚШ президенті Байден республикашылдар сияқты Қазақстанды және болашақтағы бастамаларын қолдауға дайын

АҚШ Республикалық партиясы өкілдер палатасының бұрынғы мүшесі Курт Уэлдон Қазақстанның әлемдегі алпауыт державалар арасындағы стратегиялық маңызды көпірдің ролін атқарып отырғанын айтты. Мұндай пікірін америкалық сарапшы елордада өтіп жатқан «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форумда айтты.

Айта кетейік, аталған форумға әлемнің 15 елінен 600-ге жуық спикер қатысып жатыр. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Әзірбайжаннан келген саясаткерлер де бар.

«Қазақстан менің сүйікті елім. Осыдан қанша жыл бұрын жас делегат ретінде Кеңес Одағына алғаш рет келген едім. Содан кейін орыс тілінде диплом алдым. Сіздердің елмен достығым солай басталды. Жұмыс бабымен бұрынғы Кеңес одағында мүшелікте болған 15 республиканың барлығын аралап шықтым. Одан бері елдің экономикалық дамуын, саяси кемелденуін байқадым. Мысалы, «Nur Otan» партиясы жүйелі жұмыс жүргізіп отыр», ˗ дейді Курт Уэлдон.

Оның айтуынша, партияның негізін қалаған Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің кемелденуі және қалыптасуы үшін маңызды қадамдарға барды. Сонымен қатар, АҚШ саясаткері Қазақстандағы білім, ауыл шаруашылығы, ғарыштық технологиялар сынды салалармен жіті таныс екенін жеткізді. 

«Партияның қазіргі атқарып отырған жұмысы елдің тұтастығын сақтауға, бірігуіне және дамуына негіз болып отыр. Партия қабылдаған құжат, бастама, жоспарлар мен стратегиялардан соны көреміз. Қазақстан – Орталық Азия, Таяу Шығыс, Қиыр Шығыс, Еуропа, Америка арасындағы көпірге айналған стратегиялық маңызды ел. Осы ретте, Американың Ресей және Қытаймен белгілі бір мәселелер бойынша проблемалық түйіткілдері бар. Оны жолға қоюда Қазақстанмен достығымыз аса маңызды. Сіздердің елдеріңіз диалог пен түсіністік тұғырнамасын құра отырып, мемлекеттерді біріктіретін көпір. «Nur Otan» тек ел ішіндегі көшбасшы емес, шет мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуда да маңызға ие. Бүгінде партияның қолға алған бастамаларының барлығы елдің саяси, экономикалық өсуі жолында өз миссиясын орындап отыр», ˗  республикалық партияның өкілдер палатасының бұрынғы мүшесі.

Оның айтуынша, елдің географиялық орны батыс пен шығысты ғана байланыстырып қоймай, мемлекеттердің өзара рухани достығын арттыруға ықпал ете алады. Оған қажетті Қазақстанның барлық ресурсы бар.

Бұған қоса, АҚШ президенті Байден республикашылдар сияқты Қазақстанды және болашақтағы бастамаларын қолдауға дайын. Білім беру, денсаулық сақтау, экономика, қауіпсіздік сынды салалар бойынша бірігіп жұмыс жүргізуге ниетті екенін жеткізді.