«Сайлау нәтижелері бұрмаланған»: Бішкекте партия жетекшілері тағы да бас көтерді
Алдын ала мәлімет бойынша парламенттік сайлауда 6 саяси партия жеңіске жеткен
Қырғызстанда 4 партия парламенттік сайлау нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеді. Олар қортынды нәтижелерді жойып, сайлауды қайта өткізуді талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жогорку Кенешке өтпей қалған партиялардың өкілдері бірігіп, Бішкекте үндеу жасады. Қарсылық жиынына «Ата Мекен» партиясының атынан Өмірбек Текебаев, Тілек Токтоғазиев, Клара Сооронқұлова, Әли Тоқтакунов, «Улуттар Биримдиги» партиясының жетекшісі Мелис Мырзакматов, Артур Медетбеков, социал-демократтар партиясының мүшесі Рыскелді Момбеков және Исмаил Исаков, Бақтыбек Қалмаматов бастаған «Азаттық» партиясының өкілдері келді.
Олар Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау нәтижелері бұрмаланып, махинация болды деп санайды. Саяси партияның басшылары мен өкілдері алдын ала қортындыны мойындамайтындарын мәлімдеп, сайлауды қайтадан әділ өткізуді талап етті.
28 қарашада Қырғызстанда аралас жүйе бойынша Жогорку Кенешке сайлау өтті. 54 депутат пропорционалдық жүйе бойынша, 36 депутат бір мандатты округтер бойынша сайланды. 2435 сайлау учаскесі кешкі сағат 20:00 дейін жұмыс істесе, сыртта жүрген қырғыздар үшін шетелде 59 сайлау учаскесі ашылды.
«Біз «әділ» сайлау нәтижелерімен келіспейтін партияларды бізге қосылуға шақырамыз. Сайлау қорытындысының жойылуын талап етеміз. Азаматтардың таңдау құқығын ұрлағандар да жазалануы керек», - деді Рыскелді Момбеков.
Сайлау қортындысының алдын ала нәтижелері бойынша, бәсекеге түскен 21 партияның ішінен 6 саяси ұйым жеңіске жеткен. Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясының ақпаратынша, «Ата-Журт Қырғызстан» 15 мандатпен алда. «Ишеним» партиясының атынан сайлауға түскен адамдардың арасынан 12 кандидат парламентке өтетін болды. «Ынтымақ» – 9 мандатпен тізімнің үшінші қатарына жайғасса, Жогорку Кенешке өткен 7 кандидатымен «Альянс» саяси партиясы төртінші орында тұр. «Бутун Кыргызстан» партиясынан – 6 адам, «Ыйман Нуру» ұйымының 5 адамы депутаттық мандатқа ие болған. Партия жетекшілерінің қарсылық жиынынан кейін баспасөз мәслихатын өткізген Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманқұлов дауыстың қолмен қайта саналатынын хабарлады.
«Мен бұған жол бермейтінімізді ашық айтқым келеді. Біз бұрмалау саясатын жүргізген жоқпыз. Бұл ашық сайлау, қорқатын түк те жоқ. Мен барлық партия басшылары мен өкілдерін шақырамын, біз бәрін тексеруге дайынбыз. Сайлаудың түпкілікті қорытындысы бюллетеньдерді қолмен санау арқылы шығарылатынын өздеріңіз де білесіздер. Осыдан кейін ғана ОСК сайлау нәтижелерін жариялайды, ал электронды санақ алдын ала нәтиже. Бәрі ашық болады. Біз жалғандыққа бармаймыз және оған ешкімді де жібермейміз. Біз әділ сайлау өткіздік», - деді ол.
Орталық сайлау комиссиясының ақпаратынша, мемлекетте дауыс беруге құқығы бар 3,7 млн адам тіркелген. Алайда халықтың белсенділігі төмен болған.
Қырғыз саясаттанушысы Алмаз Таджибайдың айтуынша, парламентке өткен партиялардың ешбірі оппозициялық емес.
«Қырғызстанда сайлаудың таза өтуі туралы заң орындалған емес. Халық ескі әдетке үйреніп қалған. Қандай да бір саяси партиялар материалдық көмек көрсетсе соған барып дауысымды берем деген ұғым әлі де бар. Қазіргі жағдай бойынша 6 саяси партия 5% дауыстан артық жинап, Жогорку Кенешке өтті. Бұлардың көбі биліктің партиялары. Депутат атанғандардың көбі билікте жүрген адамдардың жақын туғандары, солардың жақындары Жогорку Кенешке өтті деп айтылып жатыр. Адахан Мадумаров бастаған 6 кандидат «Бутун Кыргызстан» партиясының атынан жеңіске жетті. Олар енді шынайы оппозиция болмайды, биліктің көз алдау үшін отырғызып қойған саяси ұйымына айналады», - деді қырғызстандық саясаттанушы Алмаз Таджибай.