Гаити президентінің өліміне қатысты күдікті Түркияда қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Жовенель Моиз қылмыстық топтың қарулы шабуылынан қаза тапқан еді

Фото ашық дереккөзден

Түркия билігі Гаити президенті Жовенель Моизді өлтіру ісіне қатысты күдіктілердің бірін ел аумағында қамауға алды. Бұл туралы Гаити СІМ басшысы Клод Жозефке сілтеме жасап Reuters хабарлайды.

"Мен түрік министрі Мевлют Чавушоглумен сөйлестім және оған президентті өлтіру ісі бойынша күдікті адамдардың бірі Самир Хандалды тұтқындағаны үшін алғыс айтамын", - деп хабарлайды ақпарат агенттігі дипломаттың сөзін.

Бұл іс бойынша Хандалды Интерпол іздеді. Ол трансфер кезінде Стамбул әуежайында ұсталды. Күдікті АҚШ-тан Иорданияға Түркия арқылы ұшып кетпек болған.

Бұған дейін президенттің жесірі Мартин Моиз күйеуін өлтіруді ұйымдастырушыларды атаған. Оның айтуынша, саясаткерді тек олигархтар өлтіруі мүмкін. Моиздің резиденциясына 7 шілдеге қараған түні қарулы шабуыл жасалған болатын. Президентті өлтірді деген күдіктілердің ішінде үш шетелдік болды.