АҚШ пен Қытай климаттық өзгерістермен бірлесіп күреседі
Парникті газды аталмыш екі ел ең көп өндіреді
Әлемдегі парникті газдың ең ірі екі өндірушісі Қытай мен АҚШ Глазгодағы конференцияда күтпеген жерден климат өзгерісімен бірге күресу декларациясына қол қойды. Бұл туралы Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Декларацияда Қытай мен АҚШ алдағы 9 жыл, яғни 2030 жылға дейін жер атмосферасындағы орташа температура 1,5 градус Цельсиден аспауы үшін күресетіндігі көрсетілген. Париж келісімінде жазылғандай, олар басқа елдерді де осы мақсатта бірге күш салуға шақырды.
Қытай делегациясының басшысы Се Чженьхуа келіссөз кезінде журналистерге АҚШ пен Қытай арасында климат мәселесінде келіспеушіліктерге қарағанда, ортақ мәселелер көп деді.
Бір қызығы, осы конференцияның басқа сессиясында Қытай 100 мемлекет қол қойған метан декларациясына қосылудан бас тартқан болатын. Оның орнына Бейжің метан қалдықтарына қатысты өзінің ұлттық жоспарын жасауға уәде берді.
Ғалымдардың болжамынша, адамзат жер жүзіндегі орташа температура деңгейін сақтай алғанда ғана апатты жағдайлардың алдын алады. COP26 – Париж саммитінен кейінгі БҰҰ-ның климат проблемасына арналған ірі халықаралық форумы.