Пентагон Қытайдың ядролық арсеналын кеңейтетінін жариялады
Пентагон: 2030 жылға қарай Қытай арсеналын мың ядролық оқтұмсыққа дейін кеңейте алады

Өндірістік әлеуетінің арқасында Қытай өзінің арсеналын мың ядролық оқтұмсыққа дейін кеңейте алады. Бұл туралы Пентагон АҚШ Конгресіне арналған жыл сайынғы ҚХР әскери күші туралы баяндамасында мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
"ҚХР-ның ядролық кеңеюінің жедел қарқыны Қытайдың 2027 жылға қарай 700-ге дейін ядролық оқтұмсыққа ие болуына әкелуі мүмкін. ҚХР 2030 жылға қарай кем дегенде бір мың оқтұмсықты алуға ниетті", - делінген хабарламада.
Қытай ядролық бағдарламасының қазіргі даму қарқыны АҚШ Қорғаныс министрлігінің 2020 жылы жасаған болжамдарынан асып түсетіні атап өтілді.
Қыркүйек айында НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг әскери блок Пекинді қарсылас ретінде қарастырмаса да, Қытайдың "ядролық арсеналын кеңейтуге" алаңдайтынын айтты. Бұған жауап ретінде ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И Брюссельді Қытай туралы жалған ақпарат таратпауға шақырды.