Ресей НАТО-мен қарым-қатынасын үзді
Мұндай шара Ресейдің НАТО-дағы миссиясының екі есе қысқаруына қарымта жауап ретінде қабылданды
Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавров Солтүстік Атлантикалық Альянс жанындағы Тұрақты өкілдіктің жұмысы тоқтағанын жариялады, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Бұдан бөлек НАТО-ның Мәскеудегі әскери байланыс миссиясы мен ақпараттық бюросы да жабылатын болды. Бұған дейін аталған альянс «тыңшылық жасады» деген күдікпен ресейлік 8 дипломатты аккредитациядан айырып, тағы екі қызметкердің орнын қысқартқанын хабарлаған еді. Осылайша, НАТО-дағы ресейлік миссия 20 адамнан он дипломатқа азайып қалды.
«НАТО диалог орнатуға немесе бірлесіп жұмыс істеуге ешқандай мүдде танытып отырған жоқ. Мұндай қарқынмен жақын болашақта қандай да бір өзгеріс орнауы екіталай. НАТО-ның өзі де мұндай өзгерістің болуы мүмкін емес екенін жеткізді», - дейді РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Ал НАТО-дағылар диалогқа дайын екенін алға тартады.
Естеріңізге салсақ, Ресей мен НАТО арасындағы қарым-қатынасқа 2008 жылғы Грузия соғысынан кейін сызат түсті. Ал 2014 жылғы Қырым мәселесінен кейін арадағы байланыс мүлдем ушықты. Дәл сол жылдың сәуірінде Ресей мен НАТО-ның әскери ынтымақтастығы тоқтаған болатын.