Еуразиялық Экономикалық Одақ елдері арасында ірі және өзекті инвестициялық жобалар тапшы – Тоқаев
Осы бағытта Қазақстан мен Ресей арасында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр
Қазақстан ЕЭО елдері арасында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту бағытына баса назар аударады. Өз кезегінде тараптар өнеркәсіптік ынтымақтастықтың 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарының бағдарламалық жоспарының жобасын мақұлдаған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында осы саланың әлеуетін тілге тиек етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бұл бағытта Ресей Федерациясымен жүйелі түрде ынтымақтасамыз. Тек соңғы екі жылдың ішінде бірқатар ірі өнеркәсіптік жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Лукойл»-мен бірге майлау материалдарын өндіру зауыты, KAMAZ-бен бірге автомобиль компоненттерін өндіру бойынша екі жоба, Татнефть-пен бірге шиналар өндіру бойынша зауыт және басқа да бірқатар маңызды жобалар бар. Алайда, ЕАЭО-ның басқа елдерімен өнеркәсіптік ынтымақтастықтың әлеуеті әлі ашылған жоқ. Ірі және өзекті инвестициялық жобалардың тапшылығы бар», - деді Тоқаев.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметтерге интеграциялық өзара іс-қимылдың осы векторын күшейтуді тапсырған жөн екенін қоса айтты.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан