ЕЭО елдері арасында тауарларды жеткізу бойынша біржақты тыйым салу мәселесін шешу керек – Александр Лукошенко
2023 жылға дейін аталған өнімдердің сауда ережелерінің жобалары жасалмақ
Энергия ресурстарының ортақ нарығын құру кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық елдердің мүдделерін ескеру қажет. Сондай-ақ, ЕЭО мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құрудың екінші кезеңіне өту туралы шешімді қабылдауы тиіс. Бұл туралы Беларусь Президенті Александр Лукашенко Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында мәлімдеді.
2023 жылға дейін аталған өнімдердің сауда ережелерінің жобалары жасалмақ. 2024 жылға қарай мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарт әзірлеу жоспарланып отыр.
«Бұл ретте, энергия ресурстарының ортақ нарығын құруға ұмтыла отырып, біздің одаққа мүше барлық мемлекеттің мүдделерін ескеру қажет. Тек осылай ғана біз оның тұрақтылығы мен ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ете аламыз», - деп атап өтті Александр Лукашенко.
Сондай-ақ, кеңесте бірінші болып сөз алған Беларусь президенті Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында тауарларды жеткізу бойынша біржақты тыйым салу мәселесін түпкілікті шешу керектігіне баса назар аударды. Бұл үшін Александр Лукашенко санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау саласында уақытылы және толыққанды мемлекетаралық ақпарат алмасуды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан