Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің СІМ басшысын қабылдады

Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесіне (АӨСШК) мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомство басшыларының алтыншы кеңесіне қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады.

«Кездесу аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері, атап айтқанда сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар талқыланды.

Сонымен қатар өңірлік күн тәртібі, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бағытындағы халықаралық күшті жұмылдыру мәселелері сөз болды. Мемлекет басшысы Қазақстан тарапынан осы елге көрсетіліп отырған гуманитарлық көмек шаралары туралы айтты», - делінген Ақорда хабарламасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы қауіпсіздік, жанжалдардың алдын алу және бейбітшілікті қолдау мәселелерін шешу бағытындағы ұжымдық тәсілдерді пысықтауда Кеңестің жұмысын ілгерілетудегі Ресейдің  маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.