Ауғанстандағы жарылысты ДАИШ өз мойнына алды
Желалабад аумағында болған үш жарылыстан кем дегенде екі адам қаза тауып, 20-ға жуық адам жараланған
Ауғанстанның шығысындағы Желалабад пен Кабул қалаларында болған бірнеше жарылыс үшін жауапкершілікті ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) ұйымы өз мойнына алды, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
«Талибан қозғалысының 35-тен астам содыры бірнеше жарылыс салдарынан қаза тапты немесе жараланды», - деп Reuters содырлар тобының мәлімдемесін келтірді.
Өз кезегінде тәліптер бұл оқиға жайлы ресми ақпарат таратқан жоқ.
Айта кетейік, Желалабад аумағында болған үш жарылыстан кем дегенде екі адам қаза тауып, 20-ға жуық адам жараланған. Ал кей мәліметтерде үш адам көз жұмғаны хабарланды.
Al Jazeera агенттігі Кабул мен Желалабад қалаларындағы жарылыстардан кем дегенде жеті адам қаза тауып, 30-ға жуығы жараланғанын мәлім етті.