«Босқындар ағынына тап болуымыз мүмкін». Сарапшылар Ауғанстандағы ахуалдың әсері жайлы талқылады
Нұр-Сұлтан қаласында XVII Еуразиялық медиа форум басталды
Форумда «Жаңа бетбұрыс: Ауғанстандағы оқиғалар Орталық Азия аймағына қалай әсер етуі мүмкін?» тақырыбындағы пікірталас болып, сарапшылар Ауғанстандағы ахуалдың өзге елдерге қалай әсер ететінін талқылады.
Сарапшылар Ауған билігіне келген «Талибанмен» (Қазақстанда тыйым салынған) дипломатиялық байланыс орнату әзірге мүмкін емес деген пікірмен келіседі. Олардың айтуынша, егер елдердің бірі Ауғанстанның жаңа билігімен диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдесе, мұны саяси емес, гуманитарлық қадам деп түсінген жөн.
Өзбекстандағы Ma’no зерттеу бастамалары орталығының негізін қалаушы және директоры Бахтиер Эргашев босқындардың ағынына қатысты нақты шешім жоғын айтты.
«Қауіпсіздік мәселелері шешілмеген. Егер ол шешілмесе, онда экономика және даму мәселесі де шешілмеген Ауғанстанның жаңа билігімен не істеуге болады? Біз амалсыз, босқындар ағынына тап болуымыз мүмкін. Сонда біз босқындарды шекарамыз қатаң торуылдап та тоқтата алмаймыз. Бұл мәселені шешпей, Ауған ішіндегі жанжалды шешу мүмкін емес. Өкінішке орай, біз нақты шешімді көріп отырған жоқпыз», - деді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, РҒА әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтындағы Таяу Шығыс зерттеулері орталығының басшысы Ирина Звягельская ондаған жылға созылған қақтығыс салдарынан Ауғанстаннан 10 миллионнан аса азамат кетіп қалғанын айтты. Оның айтуынша, «Егер қазір Ауғанстаннан қарапайым адамдар қашатын болса, миграция көлемі мейлінше ауқымды болмақ».
«Өкінішке орай, біз белгісіздікке тап болып отырмыз. Бұл елдегі ахуалдың түзелгенін күтуге болмайды. Ауғанстандағы гуманитарлық апаттың алдын алу керек. 40 миллион халықты қалай азық-түлікпен қамтамасыз ету керек. Бұның соңы адамдардың елден жаппай қашуына әкелмей ме? Егер елдегі мәдени жағдай қазіргідей болып қала берсе, Ауғанстанның дамуына ықпал етуге екінің бірі келісе бермейді. Мамандар да ол жаққа жұмыс істеуге бара қоймас», - деген ойды ортаға салды Ирина Звягельская.
Тәжікстан елінің саяси ғылымдар кандидаты Саймидин Мирзоев «Талибандар» ешқашан өз міндетін орындамағанын айтып, сенім білдіру қиынға соғатынын жеткізді.
«Ауғанстанда қандай үкімет болады? Бұл топ периферияда не істеп жатыр? Неге үнсіз? Талибанның қайта бас көтеруіне не түрткі болды? Неліктен оларға Катарда кеңсе ашу қажеттігі туындады? Неліктен олар түрмеден шығарылды? Бұл - көпшіліктің көкейіндегі сан түрлі сауалдың бір парасы ғана. Ең біріншіден, Орталық Азия аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды зерттеу жүргізу қажет. Басқа елдер де жиналып, қалыптасқан сын-қатерге жауап қатуы тиіс», - деп түйіндеді өз сөзін Мирзоев.
Азиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, Пәкістанның АҚШ-тағы экс-елшісі, Гудзон институтының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша директоры Хусейн Хаккани, ҚР Ауғанстандағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімов сөз сөйледі.