Ауғанстанға қатысты ең нашар сценарийге де дайын болуымыз керек - Тоқаев
Қазақстанда қорғаныс өнеркәсібі кешені қайта іске қосылады
Қазақстан Ауғанстанға байланысты оқиғалар дамуының ең нашар нұсқасына дайын болуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ауғанстандағы жағдай, жаһандық шиеленістің жалпы өсуі бізге қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен әскери доктринаны қайта жүктеу міндетін қойып отыр. Қорғаныс қабілетін нығайту, қауіп-қатерлерге ден қоюдың жеделдігін арттыру да мемлекеттік маңызы бар басымдықтарға айналуға тиіс. Біз сыртқы күйзелістерге және оқиғаларды дамытудың ең нашар нұсқасына дайындалуымыз керек», - деді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, сырттан келетін тәуекелдерді модельдеу өзекті. Сондықтан стресс-тест жүргізу, сценарий бойынша пысықтау қажет деп санайды. Олардың негізінде мемлекеттік аппараттың іс-қимыл жоспарлары әзірленеді және түзетіледі.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі жолдауы басталды.
Жолдауды республикалық телеарналар тікелей эфир арқылы көрсетіп, негізгі радиостанциялар тікелей толқында таратып жатыр.
Жолдауда елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы айтылады.