Тоқаевтың президент лауазымына кіріскен сәттен бастап атқарған жұмыстарына қысқаша шолу
Бүгін Ақордада ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент лауазымына кіріскен сәттен бастап атқарған жұмыстарына қорытынды жасап, БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
Бұған дейін Президенттің маңызды қадамдарының көбі 9 санымен байланысты екенін жазғанбыз. Бүгін 9 айдағы атқарған жұмыстарына тоқталмақпыз.
Тоқаевтың қатысуымен 9 айдың ішінде 463 шара өтіпті. 249 қабылдау өткізіп, ел ішіндегі өңірлерге 25 рет жұмыс сапарымен барған. 31 елдің басшысымен телефон арқылы сөйлесіпті.
12 елге сапармен барған: олардың қатарында Ресей, Армения, Германия, Қытай, Қырғызстан, АҚШ, Түркіменстан, Өзбекстан елдері бар. 9 халықаралық жиынға қатысқан. 23 шетелдік елшіден сенім грамоталарын қабылдап, ынтымақтастықты нығайту мақсатында 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізіпті. 6 мемлекеттегі дипломатиялық миссиялар елшілік ретінде қайта құрылған.
20 наурыздан бастап 45 заңға, 226 жарлыққа, 68 өкімге қол қойған. Президенттің қатысуымен өткен жиындар бойынша 49 хаттама толтырылған.
Тоғыз айда 112 796 шақырым жол жүрген, оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен.
Twitter әлеуметтік желісінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 862 туит жариялаған, оқырмандарының саны - 137 мың. Instagram желісінде 60 жазба қалдырған, ондағы оқырмандарының - саны 953 мың.
Президенттің халықаралық сапары аясында шетелдік мемлекет басшыларымен бірлесіп 8 брифинг және 3 баспасөз мәслихаты өткен. Тоқаев туралы 26 деректі фильм түсірілген.
Қиын жағдайға тап болған отбасыларға (көп балалы, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар т.б.) әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 500 мыңнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несиелік қарызы мен үстеме төлемдері кешірілген. Жалпы алғанда 107 млрд теңге.
Жандос БАЙДІЛДА, Нұр-Сұлтан