Тоғыз Тоқаевтың саны ма?
Президенттің маңызды қадамдарының көбі 9 санымен байланысты
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болғанына 100 күн. Айтулы дата 2019 жылдың 9-шы айының 9-шы күніне сәйкес келіп отыр. Сәйкестік пе?..
Сәйкестік дейін десек, Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтатып, өз орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынғаны да осы «тоғыздықтармен» тікелей байланысты. 2019 жылдың 19 наурызында сағат 19:00-де Елбасы жергілікті телеарналардың тікелей эфиріне шығып, арнайы мәлімдеме жасаған болатын.
Тоқаевтың өзі кезектен тыс Президенттік сайлаудың өтетінін 9 сәуір күні жарияласа, аталған саяси науқан 9 маусымға белгіленді.
Бәлкім сәйкестік шығар... Бірақ, Тоқаевтың 100 күні тоғыздықтарға толы болды. Нумеролог Гүлшат Тәңірбергенқызы ғылымда тоғыз – кемеңгерліктің, биіктіктің саны дейді. Оның сөзіне сенсек, өзін бұл санмен байланыстыратын адамдар өмірге үлкен миссиямен келгендер.
«Сандарды 1-ден 9-ға дейін деп алсақ, тоғыз солардың ең үлкені. Әр адамның өз саны болады, тоғызға ие адамдарға Жаратушы ерекше қасиеттер береді, олар үлкен қызметтерге барып, артынан миллиондарды ерте алатын адамдар», - дейді нумеролог.
Президент Тоқаев 1953 жылдың 17 мамырында дүниеге келген. Нумерология ғылымына сәйкес, оның саны 9 емес, 4 болуы тиіс дейді Гүлшат Тәңірбергенқызы. Дегенмен, әр адам өз өмірін өзіне ұнаған өзге цифрамен байланыстыруына да болады екен. Нумеролог 4 санына ие адамдар туралы былай дейді:
«Бұл адамдар өзгелерге бағынып та жұмыс істей алады. Бірақ өздерінің белгілі бір мақсаты бар. Ешкімге қастандық ойламайды. Жүрегі жұмсақ. Егер жамандық істесе, өздерін іштей жегідей жеп өтеді. Өздеріне келгенде қатал».
Қасым-Жомарт Тоқаевтың нумерология ғылымына қаншалықты сенетінін айта алмасақ та, оның 100 күнде атқарған жұмыстары жайлы сандарды сөйлетіп көрсек...
Мемлекет басшысы соңғы 100 күнде 5 заңға қол қойып, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдениетке қатысты 40 қаулы, 90 өкім шығарған. Сонымен қатар, Президент 140-тан астам жиын-кездесу өткізген екен. Бұл жөнінде бүгін Мемлекет басшысының соңғы үш айдағы атқарған жұмыстарына байланысты өткен дөңгелек үстелде ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова мәлім етті.
Сарапшылардың айтуынша, Қ.Кемелұлы осы күндерде өзінің кез келген уақытта халықтың жанынан табыла алатын, проблеманы болған жерде жедел шешуге тырысатын жетекші ретінде көрсетті.
«Президент үшін алғашқы 100 күн оңай өткен жоқ. Бірақ, осы қысқа уақытта біздің саяси жүйе эволюциялық тұрғыда басқа бір сапалы деңгейге өтуге өзінің қабілетті екенін көрсетті. Мемлекет басшысында Президент немесе шенеунік емес, тең құқылы азамат ретінде ел алдына шығу міндеті тұрды. Адал әрі әділ диалогқа негізделген жаңа формат қалыптастыру қажеттігі туындады. Билік қоғамның сұранысы мен тілектеріне құлақ асты. Менің ойымша, қоғамдық сананың тұрақталуына көп жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз күш-жігерінің арқасында қол жеткізілді», - дейді дөңгелек үстелге қатысқан саясаттанушы Ерлан Саиров.
Сарапшылар жиында Мемлекет басшысының виртуалды қабылдау жүйесін енгізгенін, президенттік кадрлық резервті қалыптастыруын, Арыс қаласын қалпына келтіруге сіңірген еңбегін айрықша атап өтті.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан