Соңғы 10 жылда Ресей Қазақстанға шамамен $12,6 млрд инвестиция салды
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстанға жұмыс сапарымен келген РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді. Кездесу «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында өтті. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар сауда-экономика, өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистика, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.
«Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды. Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Осы жылы елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпіні біртіндеп қалпына келтірілуде. Биылғы қаңтар-маусым айларында екіжақты тауар айналымы $10,7 млрд құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 27%-ға жоғары. Қазіргі динамика сақталған жағдайда, екі ел арасындағы сауда көлемі биыл $23 млрд-тан асуы мүмкін», - делінген хабарламада.
Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 7791 кәсіпорын және 3325 Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді. Ресейлік компаниялар ҚР экономикасына салынған қаражат көлемі бойынша басты инвесторлардың бестігіне кіреді. Соңғы 10 жылда Ресей Қазақстанға шамамен $12,6 млрд инвестиция салды. Ресейлік компаниялардың инвестициялық портфелі әрбір салада дерлік бар. Жалпы сомасы $5,3 млрд құрайтын, өнеркәсіптік кооперация, сауда, құрылыс индустриясы, фармацевтика, мұнай-химия және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы 30 бірлескен ірі жоба іске асыру және пысықтау сатысында тұр.
«Мысалы, «Татнефть»-пен бірлесіп шина өндіру зауыты, «КАМАЗ» ЖАҚ-пен шойын құю және жетекші белдемелердің бас берілістерінің редукторларын өндіру зауыты салынып жатыр және т. б. Осы жылдың 6 айында Қазақстан мен Ресей арқылы Орталық Азия, Еуропа, Қиыр шығыс бағыттарында барлығы 406,5 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 48%-ға артық. Қазақстан аумағы арқылы контейнерлік тасымалдар көлемі 326,2 мың ЖФЭ (+58%) құрады», - делінген хабарламада.
Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің үкімет басшыларының қатысуымен келесі бірқатар құжатқа қол қойылды: Шығыс Тарутин (Қазақстан Республикасы), Тарутин (Ресей Федерациясы) кен орындарында мыс (мыс-алтын) кендерін өндіру кезінде шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы үкіметаралық келісім;
АХФО мен Татарстан Республикасы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспары; ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі, АХҚО, «Сколково» Мәскеу басқару мектебі арасындағы тұрақты даму стратегиялары жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум;
«Башқұрт сода компаниясы» АҚ мен «Каустик» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы бас келісім; қағазсыз технология бойынша «РТЖ» ААҚ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ/ «ҚТЖ-ЖТ» ЖШС қатысуымен жүктер мен вагондарды тасымалдауға көшуді жандандыру жөніндегі жол картасы;
«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «РТЖ» ААҚ арасындағы темір жол көлігімен агроөнеркәсіптік өнімдерді тасымалдауды ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум. ҚР Премьер-министрі А. Мамин мен РФ Үкіметінің Төрағасы М. Мишустин Қазақстан Үкіметінің Цифрлық кеңсесінің жұмысымен, халық пен кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласында іске асырылып жатқан жобалармен, сондай-ақ АХҚО қызметімен танысты.