ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Барлық елді Ауғанстаннан босқындарды қабылдауға шақырамын - БҰҰ бас хатшысы

Бас хатшының айтуынша, Ауғанстанда жүздеген мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр

Фото: Global Look Press

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш барлық елді Ауғанстаннан босқындарды қабылдауға және оларды депортациялаудан аулақ болуға шақырды, деп хабарлады iz.ru.

Бас хатшы Ауғанстандағы жағдайдың салдарынан жүздеген мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр екенін, сол үшін барлық тараптан Ауғанстанға гуманитарлық көмекке кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік беруді сұрады.

Еске салайық, 15 тамызда «Талибан» содырлары Ауғанстан астанасы Кабулға шабуыл жасап, ел билігін толықтай өз қолындарына алғанын жариялады. Жексенбіде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қантөгісті болдырмау үшін елден кеткенін мәлімдеді.

Осы жағдайға қатысты ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли жауап беріп, Мемлекет басшысының Ауғанстан босқындарын қабылдау туралы шешім қабылдамағанын мәлімдеді.

«Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады», - деп жазды ол.