Мемлекет басшысы Никол Пашинянға құттықтау жеделхатын жолдады
Никол Пашинян Арменияның премьер-министрі болып тағайындалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянды Армения премьер-министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
«Сізге артылған сенім – қоғамдағы тұрақтылықты, бірлік пен келісімді қамтамасыз етуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, Арменияның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған саясатыңыздың кең қолдау тапқанының айқын көрінісі», – делінген жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянның аса жауапты мемлекеттік лауазымдағы қызметі Арменияның тұрақты дамуы мен ілгерілеуіне, сондай-ақ, Қазақстанмен арадағы екіжақты және көпжақты қатынастарды кеңейтіп, тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Арменияның премьер-министріне зор денсаулық пен мол табыс, достас армян халқына игіліктер мен өркендеу тіледі.