Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин аймақтағы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына ескерту жасап, байланысқа шықпаса, тәртіптік жазаға тартылатынын айтты
Облыс әкімінің ашуына тигені – адам жоғалған сәтте, телефонын алмай, орынбасарларының өзі байланыссыз қалған аудан әкімінің қылығы. Бірақ, Оңдасын Оразалин оның атын атаған жоқ.
«Аудан әкімдері мен басқарма басшыларына айтып отырмын, қыстың аты қыс, неше түрлі жағдай болады, күні-түні байланыста болуларыңыз керек. Алдыңғы күні мынандай факт болды: түнде телефон соқсам, аудан әкімі телефонына жауап бермейді, не орынбасарларының қайда жүргенін білмейміз. Ақыры, полиция арқылы мәселені шешуге тура келді. Егер мүндай фактілер қайталанатын болса, тәртіптік жауапкершілікке тартыласыңдар. Телефондарың күні-түні жандарыңда болу керек және оның дыбысы өшпеу керек», - деді Оңдасын Оразалин селекторлық жиында.
Аймақ әкімі қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдарда, басқа да орындарда оқыс оқиғалар жиі болатынын ескертіп, тікелей басшылар бірінші жауап беретінін айтты.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан