СҚО әкімі уәде еткен пәтерді әлі алған жоқпын – Самал Еслямова

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жөнінде актриса Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтты

2018 жылдың мамыр айында киноактриса, 71-ші Канн фестиваліндегі «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы Самал Еслямоваға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов  үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстағаны жайында бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Салтанатты жиынға актрисаның ата-анасы, ұстаздары, туған туыстары мен Петропавл қаласындағы мәдениет орындарының басшылығы шақырылған еді. Арада бір жарым жылдан артық уақыт өтсе де, шенеуніктің уәде еткен баспанасы Самалға әлі берілмеген. Бұл жөнінде актриса Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Самал сізді көргеніме қуаныштымын. Елге қаншалықты жиі келіп тұрасыз?

- Жиі деуге болады. Бірақ ұзақ уақытқа емес. Уақытым болған кезде елге келгім келеді.

- Осы жолы қандай Қазақстанға қандай мақсат әкелді?

- Демалу. Ата-анаммен, туған туысқандарымның туған күндері, Жаңа жыл, Тәуелсіздік күні сынды мерекелерде бірге болу.

- Сізге қалай демалған ұнайды?

- Үйдегі, туған-туыстардың жанындағы демалыс.

- Канн кинофестивалінде жүлдеге ие болғаннан кейін танымал тұлғаға айналдыңыз. Содан бері не өзгерді?

- Әрине, шынымен көптеген шетелдік киногерлер мені таниды. Өмірім соншалықты өзгеріп кетті деп айта алмаймын. Көп адамдар танып жатады. Ішкі дүнием сол қалпы.

- «Айка» фильмі Түркия, Қытай сынды тағы басқа шет елдерде ұйымдастырылған кинофестивальдарда жүлдеге ие болды. Басқа да байқауларға қатысу жоспарда бар ма?

- Кино шыққаннан кейін небәрі бір жыл уақытқа жақын кинофестивальдарға қатысады. «Айка» әлі күнге дейін фестиваль, премияларға ұсынылуда. Кеше ғана Ресей киносыншыларының «Белый слон» сыйақысына ие болдық.

- «Айканың» әлемдік деңгейдегі киносыншыларының жоғары бағасын алуының құпясы неде?

- Еңбекте. Бірішні сценарий жазылады. Ол оңай емес. Кино түсіру – көп жұмыс. Бұл жеке адамның ғана емес, бүкіл түсірілім тобының еңбегінің жемісі.

- «Айкадан» кейін Сізге көп ұсыныс жасалды. Осыған дейін қандай киноларға түстіңіз?

- «Айкадан» кейін бірнеше киноға түстім. Олардің көбі алдында жоспарланып қойған. Қазақстандық режиссер Ерлан Нұрмағамбетов «Айка» шықпай тұрып ұсыныс жасаған болатын. «Қазақ батырлары» туындысында бір эпизодта ойнадым. Ол жуырда көрсетілімге шығады деп ойлаймын.

- Болашақта қандай рөлдерді ойнауды армандайсыз?

- Нақты арман жоқ. Белгілі бір рольді ойнағым келеді деген ой жоқ. Мен үшін жақсы сценарий, дараматургиясы мықты, түсінікті кейіпкер болса, кез келген кейіпкер қызықты.

- Қазақстанның киноиндустрия саласына қандай баға берер едіңіз?

- «Жақсы» деген баға берер едім. Себебі шет елдерге қандай фестивальге барсам да, қазақ кинолары қатысады. Отандық режиссерларды көремін. Бұл өте жақсы нышан. Ол сапаның артып келе жатқандығыныңкөрінісі.

- Өзіңіз қандай киноларлды сүйіп көресіз?

- Иран кинолары ұнайды. Себебі олар өте сапалы. Адами, өмір жайлы кинолар. Түрлі фильмдерді көремін. Бәрін тізіп жатуға уақыт тапшы.

- Жағымды және жағымсыз кейіпкерлер бар. Сізге солардың қайсысын сомдаған ұнайды?

- Мен үшін ең бастысы – рөл түсінікті болуы керек. «Айканы» алатын болсақ, ол өзінің баласын перзентханада тастап кетті. Бұл дұрыс емес, жалпы табиғат заңына қарсы. Оның жасаған әрекеті – маған жат. Бірақ сценарийді алып қарайтын болсақ, ол адамды түсінуге болады. Ол бірте-бірте өзінің қателігін ұғынып, өмірде баладан маңызды ештеңе жоқ екендігін пайымдайды. Әркімнің өз шындығы бар. Егер адами тұрғыдан мен кейіпкерді түсінетін болсам, роль де мен үшін қызық болады.  Жаман-жақсы роль жоқ.

- Өзіңіз «Айканы» неше рет көрдіңіз?

- Әлі шықпай тұрып өте жиі көретінбіз. Әр жаңа эпизодты түсірген сайын қараймыз. Ол хронология бойынша түсірілген картина. Сол сәттегі жағдай әр кез күрделеніп отырады. Соған ілесіп отыру керек.

- «Самал қазақ қызының символы» деген пікірлерді жиі естимін. Сіздің ойыңызша нағыз қазақ аруы қандай болуы керек?

- Ең бастысы жақсы адам болуы шарт. Бастысы ешкмге жамандық жасамау керек. Адам өзі қалай өмір сүргісі келсе, солай әрекет етеді.

- Сіз Каан фестивальінде жүлделі болып, Петропавл қаласына алғаш рет келгенде  облыс әкімі өзіңізді, ата-анаңызы құттықтап, облыс орталығынан 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Алайда кейін бұқаралық ақпарат құралдарынан сол сыйлықтың әлі күнге дейін қолыңызға тимегенін естіп, мұңайып қалдық. Осы мәселе шешімін тапты ма?

- Құдай бұйыртса, әлі береді деп ойлаймын.  Береді...

- Елдің алдында кілтін табыстағанымен, пәтер қолыңызға тиген жоқ па?

- Өзінің бір себебі бар шығар. Үй салынып біруі керек, құжат рәсімдеу сынды жұмыстар. Ешақндай өкпем жоқ.

- Ең асқақ арманыңыз қандай?

- Бастысы туған-туыстарым аман болсын. Дендері сау, бақытты өмір сүрсе деймін.

- Қазақстанға аз ғана мерзімге келіп, сол уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілмеймін.

Сұхбаттасқан Эльмира Мәмбетқызы, СҚО