Халықаралық қатынастардың жаңа үлгісі теңдікке, дәстүрлер мен құндылықтарды құрметтеуге негізделуі тиіс – Н.Назарбаев
Елбасы әлемдегі саяси партияларды жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірігуге шақырды
COVID-19 пандемиясы жаһандық сын-қатерлерге халықаралық серіктестік және өзара қолдау негізінде ғана қарсы тұруға болатынын көрсетті деді Нұрсұлтан Назарбаев Қытай компартиясының 100 жылдығына арналған саммитте. «Халықтың бақыты үшін күрес: партиялардың жауапкершілігі» деген атаумен өтіп жатқан жиынға әлемнің 160 елінен 500-ден астам саяси ұйымы қатысып жатыр.
Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған «Nur Otan» партиясының төрағасы саяси ұйымдарды жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірігуге шақырды.
«COVID-19 пандемиясы жаһандық сын-қатерлерге халықаралық серіктестік және өзара қолдау негізінде ғана қарсы тұруға болатынын көрсетті. Саяси партиялар бұл тұрғыда маңызды роль атқаруға қауқарлы және атқаруы тиіс. Дегенмен, халықаралық қатынастардың жаңа үлгісі теңдікке, өзге тараптардың дәстүрлерін, құндылықтарын құрметтеуге, және әділдікке негізделуі тиіс. Қазіргі баршамыздың міндетіміз – COVID-19-ға қарсы вакцинаның әлем елдері арасында әділ және теңдей бөлінуін қадағалау», - деді Елбасы.
Ол сондай-ақ, Қазақстанның да коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеп шығарғанын және оны әлемнің өзге елдерімен бөлісуге дайын екенін айтты.
«Қазақстан да «QazVac» деп аталатын өз вакцинасын жасап шығарды. Қазіргі таңда ол ДДСҰ-ның мақұлдау процесінде. Біздің үкімет қазір ол вакцинаны өзге елдерге жеткізу мәселесін қарастырып жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, аталған саммит онлайн форматта өтіп жатыр.