Егер партияның жетістігі халықтың әл-ауқатын арттырмаса, оның еш құны жоқ – Елбасы

Автор: Azattyq Rýhy

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдығына арналған саммитте сөз сөйледі

Elbasy.kz

Пекинде Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдық мерейтойына орай әлемдік саяси партиялардың «Халықтың бақыты үшін күрес: партиялардың жауапкершілігі» атты саммиті өтіп жатыр. Оған әлемнің 160 елінен 500-ден астам саяси ұйымның көшбасшылары онлайн-режимде қатысуда.

Жиынды ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ашқаннан кейін сөз «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Қытай компартиясын мерейтойымен құттықтаған Қазақстанның Тұңғыш президенті партияның Қазақстан дамуындағы ролін атап өтті.

«ҚХР-дың XXI ғасырда өркендеуі және қарқынды дамуы елді басқарып отырған Қытай Коммунистік партиясымен тығыз байланысты. Бүгінгі біздің Саммиттің тақырыбы өте маңызды және мен басқарып отырған Nur Otan саяси партиясы жұмысының негізгі келбетін көрсетеді. Билік партиясы бола отырып, біз әуел бастан-ақ оның басым бағыттарын анықтап алдық: егер партияның жетістіктері халықтың әл-ауқатын арттыруға алып келмесе, оның ешбір құны жоқ. Бұл жолда біздің жетістігіміз жеткілікті деп ұялмай айта аламын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы Қазақстанның бүгінгі жағдайына тоқталып, еліміздің әлемдегі дамыған елдер арасында тиісті бәсекелестікке қол жеткізгенін атап өтті.

«Отандастарымыздың партияға деген сенімі мен қолдауының арқасында Қазақстан қазіргі жағдайға жетті:

  • БҰҰ-ның адами даму деңгейі ең жоғары елдері тобында 181 елдің ішінен 51-орынға тұрақтады;
  • әлемде 41-орын алатын, ТМД елдері арасында екінші орындағы экономиканы қалыптастырдық;
  • әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің арасында 35-ші орын алады.

Сонымен қатар, мемлекеттің ЖІӨ – 15 есеге (171 млрд долларға дейін), жан басына жаққандағы ЖІӨ – 13 есеге (9,1 мың доллар) өсті.

Азаматтардың әл-ауқаты еселеп өсіп, Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жетіп, ТМД бойынша тек Ресейге жол беріп, екінші орынға шықты», - деді Елбасы.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан халықының кірісі 10 есеге өсіп, әлеуметтік төлемдер де еселеп артқан. Кедейлік 11 есеге азайған (11%-ға дейін), жұмыссыздық 3 есеге төмендеген (4,8%). Ел экономикасына 365 млрд доллар инвестиция тартылыпты. 95 млрд доллар көлемінде валюталық қор жиналып, Ұлттық қор құрылды.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның алдағы мақсаты – 2050 жылға дейін әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру екенін де айтып өтті.