ШұғылКоронавирус және пневмония: өткен тәулікте 102 адам көз жұмды

Талибан қозғалысы қайта күшейді: Орталық Азия елдеріне төнетін қауіп қандай?

Сарапшылар Ауғанстандағы жағдайдың Қазақстан мен Орталық Азияға қаупі туралы айтты

Коллаж

Ауғанстанда азаматтық соғыс өрті қайта тұтануы мүмкін. Соңғы он жылдағы үнсіздікті талибандар қайтадан бұзды. Қазіргі ауған үкіметінің күштері елдің солтүстігіндегі әскери позицияны тастап қашуға мәжбүр болды. Үкімет әскерлері тәліптердің шабуылынан бас сауғалап өзге елдің аумағына өтіп кеткені айтылып жатыр. Тәжікстан мен Өзбексанға қашқан сарбаздар Орталық Азия елдері үшін дабыл қағуға негіз болды.

Аймақтық БАҚ өткен аптаның басында-ақ Ауғанстан үкіметі әскері Тәжікстанмен шекарадағы Шерхан-Бандар қаласын талибан қозғалысына беріп қойғанын хабарлады. Кейбір деректерде шекара шебінде тұрған 134 әскери көрші елдің аумағына амалсыз өткен. Ал Өзбекстан дипломаттары өздеріне қарай Ауғанстан жақтан 53 қарулы жауынгердің бас сауғалап келгенін мәлімдеді.

Орталық Азиядағы бес мемлекеттің ішінде Ауғанстаннан қауіптенетін Түркіменстан, Тәжікстан және Өзбекстан екені белгілі. Осы елдердің ішінде шебі әлсіз, шекарасын қорғай алмайтын елдің бірі - Түркіменстан. Талибан қозғалысы бұған дейін осы елдің шекарашыларын бірнеше рет өлтіріп, ашық қақтығысқа шақырған. Алайда, Түркімен билігі бұған қарумен жауап берген жоқ.  Тәліптер жақында Түркіменстанмен шекаралас Хамьяб және Каркин аудандарын, Акча, Мангиджал, Файзабад, Мардян елдімекендерін жаулап алған.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы он жылда Ауғанстандағы бейбіт өмірге кепіл болған АҚШ өз әскерін елден әкететінін мәлімдегенде, Талибан лидерлері де бас көтере бастаған. Елге 2001 жылы НАТО әскері кірген соң, жағдай өзгергені белгілі. Azattyq Rýhy тілшісіне сұқбат берген саясаттанушы Досым Сәтпаев қалыптасқан жағдайдың қалай өрбиті туралы болжамын айтты.

«Бұған дейін көптеген сарапшылар АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығара бастаса, Талибан көшбасшылары мұны өз жеңісі деп қабылдап, белсенді бола бастайды деген еді. Айтқандай-ақ, олар өз бақылауын күшейте бастады. АҚШ пен коалицияға кіретін өзге елдердің қолдауынсыз Ауғанстанның орталық билігі әлсіз екені белгілі. Сол себепті Талибан қозғалысы елдегі басымдыққа ие саяси күш ретінде қала береді.

Меніңше, мұндай сценариге кейбір Орталық Азия елдері дайын болды. Неге? Себебі Өзбекстан соңғы жылдары Талибан қозғалысымен белсенді келіссөздер жүргізіп келеді. Ташкентке келіп, өзбек билігімен кездескен тәліптер ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. Тәліптер АҚШ-пен де осындай келісімдерге қол қойған болатын. Яғни, тікелей қақтығысқа жол бермейтін құжаттарды қабылдады. Сол сияқты Ресей де Талибан қозғалысының көшбасшыларын Мәскеуге шақырып, бейбіт көзқарасты қалайтын емеурін танытқан. Демек, Талибан қозғалысы ірі державалар санасатын саяси күш екені анық», - дейді сарапшы.

Досым Сәтпаевтың айтуынша, ерекше назар аударатын маңызды мәселе - Орталық Азия елдеріне қауіп төндіретін Талибан қозғалысы емес.

«Пуштундардан жасақталған саяси күштің  Орталық Азияға шабуыл жасау ниеті жоқ екені бұрыннан белгілі. Олардың мақсаты - Ауғанстанды бақылауына алып, көрші елдермен бейбіт байланыста болу. Орталық Азияға қауіп төндіретін осы елдің аумағындағы террорлық топтар.

Біздің аймаққа қауіпті террорлық ұйымдар - «Жамааттар», «Ислам мемлекеті», «Өзбекстан ислам мемлекеті». Осы сияқты өзге де бірнеше лаңкестік топ бар. Себебі, олардың құрамында нақты осы Орталық Азия елдерінен кеткен азаматтар бар. Ауғанстан аумағына орналасып алған жерлестеріміз Орталық Азия елдеріндегі жағдайды шайқалтуға мүдделі. Оларды керісінше ауған жері қызықтырмайды, негізгі тылдық база ретінде сол жерді таңдағанымен, негізгі мақсаты - Орталық Азияға шабуылдау.

Сондықтан Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстан қазір бірігіп, осындай содырларға қарсы қорғанысты күшейту керектігін түсініп отыр. Кейбір деректерге қарағанда Ауғанстанның солтүстік аймағында 15-16 мың содыр осындай түрлі лаңкестік ұйымдардың қатарында соғысуға дайын отыр. Сол себепті Өзбекстан Талибан қозғалысымен жақсы қарым-қатынас орнату арқылы, жаңағы айтылған қауіпті ұйымдардан сақтануды көздейді», - дейді Досым Сәтпаев.

Талибан қозғалысы елдегі билікті қолына алса, Ауғанстан аумағындағы түрлі радикалдық ұйымдарды қыспаққа алуы мүмкін.

«Олардың қашатын жері - Орталық Азия. Сондықтан талибандар «менің дұшпанымның дұшпаны - маған дос» деген классикалық қағиданы ұстанып отыр. Қорыта айтқанда, Орталық Азия елдері үшін талибандармен жақсы қарым-қатынаста болуы маңызды. Сөйте тұра өз шекарасын мығым ұстағаны абзал. Өзбекстан мен Тәжікстан қазір мұны бастап кетті», - дейді саясаттанушы.

Досым Сәтпаевтың пікірінше, Мәскеу жағдайды қасақана ушықтыруға мүдделі.

«Ресей өзін Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің басты провайдері ретінде көрсеткісі келеді. Естеріңізде болса, АҚШ тарапы Ресейді Талибан қозғалысын қаржыландырып отыр деп айыптаған болатын. Тіпті, Ресей тәліптерге қару жеткізіп, аймақтағы жағдайды ушықтыруға итермелеп отыр деуге негіз бар», - дейді сарапшы. 

Сарапшы бұл жағдайдың Қазақстан мен Орталық Азияға қаупі туралы да айтты.

«Геосаяси ойында бір-бірімен шатасып кеткен мәселе көп. Дегенмен, Ресей ауған факторын Орталық Азиядағы әскери-саяси позициясын күшейту үшін пайдаланатыны жасырын емес. Сол себепті, бізің солтүстік көршіміз үшін Орталық Азия аймағына жақын шекараларда жағдайдың мейілінше ушыққаны аса қажет. Пиғылы белгілі. Тоқ етерін айтқанда, Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін айтарлықтай тәуекел әрі қауіпті қадамдар болып есептеледі», - дейді Д. Сәтпаев.

Әлемдік экономика және саясат инстиутының сарапшысы Жұмабек Сарабеков, керісінше, тәліптер Орталық Азия елдеріндегі жағдайдың тұрақсыздығына мүдделі деп есептейді.

«Тәліптер билікке келумен бірге аймақтағы геосаяси ойындарда өз позицияларын нығайтып, көршілес елдер санасатындай күнді қалайды. НАТО әскерінің елден кете бастауы елдегі саяси жағдайды ушықтыруға әкелетіні екі бастан анық еді. Ресми Вашингтон Талибан қозғалысымен 2020 жылы ақпанда бейбіт келісімдер туралы шартқа қол қойды. Құжат бойынша Ақ үй әскерді биыл 1 мамырда елден әкетуге келіскен. Бірақ Байден билігі оны 11 қыркүйекке шегергенін мәлімдеді. Бұл тәліптердің елде дүрбелең салуына түрткі болды.

Ауған билігінің әскерлері талибан қозғалысына қарсы ашық соғыс ашты. Бірақ одан нәтиже болмай отыр. Соңғы екі айда тәліптер солтүстіктегі 40 ауылдық округті бақылауына алды. Кейбір деректерге қарағанда, ауған жерінің 70 пайызы Талибан қозғалысының қолына өткен. Бұдан туындайтын сұрақ: егер халықаралық әскери күштер елден шықса, ресми Кабул ел тұстастығына кепілдік бере алмасы анық. НАТО-ның әскерлері біріншіден Ауғанстанның қазіргі билігіне өте қажет болып тұр», - дейді саясаттанушы.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі ауған билігінің әскери қуаты әлсіз емес. Ауғанстан армиясының саны 300 мыңнан асады. Оның ішінде 30 мың адам арнайы жасақ құрамында қызмет етеді. Бұл топты ондаған жыл бойы АҚШ әскерилері дайындықтан өткізіп, Солтүстік Атлантика әскери ұйымның экипировкасы және қару-жарағымен жарақтандырған.

Биыл 25 маусымда президент Ашраф Ғани Вашингтонға іссапармен барды.

«Бұл елдегі саяси жағдайды одан ары ушықтырды. Ауған билігінің Ақ үй қожайыны Джо Байденмен кездесуі аймақтағы қауіпсіздік мәселесіне арналғаны анық. Нақтырақ айтқанда, Ауғанстанда НАТО әскерінің қалуы. Дегенмен, маусым айындағы жағдай бойынша Америка өз әскерінің 50 пайызын елден алып кеткен. Пентагон қалған әскерді де тездетіп шығаруға ниет танықанымен, Ашраф Ғани бұл қадамды тағы да кейінге шегеруді сұрады.

Екі оттың ортасында қалған АҚШ үкіметі қандай қадамға барады? Бұл жағы қазір түсініксіз. Анығы – АҚШ 2002-2020 жылдар аралығында Ауғанстанға 100 млрд доллар көлемінде дотация берген. Соңғы 20 жылда Вашингтон 2 мыңға жуық сарбазынан айырылды. АҚШ ауғанның қазіргі билігін Талибан қозғалысымен бетпе-бет қалдырып кетеді дегенге сену қиын», - дейді Жұмабек Сарабеков.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы