Елшілік қызметкерінің өлімі ДАИШ содырларының қолтаңбасына ұқсайды - Арат Нарманбетов

Автор: Azattyq Rýhy

Отставкадағы ҰҚК полковнигі қаза тапқан елшілік қызметкеріне қатысты барлық нұсқаларды тексеру керек деп санайды

 Azattyq Rýhy тілшісіне сұқбат берген Қазақстан арнайы қызметінің бұрынғы өкілі мұны тәуелсіздік жылдарында шетелдегі дипломатиялық корпуста болған алғашқы қайғылы оқиға  екенін айтады.

Мысыр мемлекеті әлемдегі күрделі аймақ. Сондықтан қазақ дипломатына қатысты бір ғана болжаммен шектелу қиянат болады. Әрине ақпарат жұтаң, тек туыстары ғана өз көрген-білгендерімен БАҚ беттерінде бөлісіп жатыр. Бірніші күннен бері ҚР СІМ елшілік қызметкерінің өмірден өткенін растағаннан басқа мардымды мәлімдеме жасаған жоқ.

«Бұл жағдайда тек жақындарының ғана айтқандары бойынша ақпарат таратуға болмайды. Себебі туыстары көбіне эмоцияға берілгіш болады, психологиялық ауыртпашылықты бастан кешіріп жатыр. Үміт күткен азамат, білімді, отбасының асыраушысы өмірден өтіп отыр. Оларды да түсінуге болады.  Десе де барлық версияларды тексеру керек.  Бірінші болжам - өзіне өзі қол салу. Бұл туыстарының айтқанаына қарағанда, көңілге қонымсыз »,- дейді Отставкадағы ҰҚК полковнигі Арат Нарманбетов .

Назарда ұстайтын маңызды мәселе -  Еламан Жолдасов қатардағы резервте тұрған маман емес. Қазақстаннан Мысырдағы елшілікке іс-сарапмен барып, екі-үш жыл жұмыс істеп жүрген азамат емес. Бұл адам ол жерде алғашқы оқуға барған сәттен бастап  әбден орныққан. Ол жердің ішкі жағдайымен етене таныс. Нарманбетовтің пікірінше,  марқұм бұл елде өз тамырын жайған, әбден сіңіскен, тіпті кәсібі де бар, жергілікті адамдармен өте тығыз байланыс орнатқан болуы мүмкін.

«Бизнестік құрылымдармен байланысы болуы мүмкін, қандай да бір кәсіппен де айналысуын жоққа шығаруға болмайды.  Сондықтан ақша араласқан жерде түсініспеушілік орын алуы да кәдік. Жергілікті халықтың қаны қызба, бірнәрсені бөлісе алмай қалды ма? Ол жағын да тергеп, қарастыру керек. Сондай-ақ Мысырда Ислам мемлекетінің позициясы орныққан. Террорлық ұйымның да бұл жерде қатысы болуы мүмкін деген болжамды да қарастырған жөн. Себебі туыстарының сипаттауына қарағанда өте қатыгездікпен өлтірілген. Қолын байлаған, үсті қанға боялған. Ендеше содырлардың да қатысы болуы мүмкін деген болжамды тергеушілер ұмытпағаны дұрыс»,- дейді отставкадағы полковник 

Арат Нармабетов елшілік қорғалатын нысан, сондықтан елшілік қызметкерлерінің қауіпсіздігі назардан тыс қалғанына назар аударады. Мысыр қауіпті, айналасын соғыс өрті шарпыған, толқулар мен ереуілдер жиі орын алып тұрады. Сондықтан елшілік өз қызметкерелерін бақылап, немен айналысып жүргенін біліп отыруы керек еді. Енді жағдай тергеуге байланысты өрбиді. Бұл мәселемен халықаралық деңгейге келіссөздер жүргізу, тергеу ісінің жариялығын қамтамасыз ету керек. Бірақ бұл мәселеге саяси реңк берудің қажеті жоқ, дейді маман.

 Ришат Асқарбекұлы, Алматы