Тоқаев Израильдің жаңадан сайланған премьер-министрін құттықтады
Нафтали Беннет ресми түрде қызметіне кірісті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Израильдің жаңадан сайланған премьер-министрі Нафтали Беннетке құттықтау жеделхатын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нафтали Беннеттің Израиль премьер-министрі болып сайлануына байланысты Қазақстан халқының және жеке өз атынан құттықтау жеделхатын жолдады.
«Қазіргі уақытта Израиль әлемдік деңгейде экономикасы қарқынды дамыған, үздік инновациялық технологиясы арқылы халқының әл-ауқатын арттырған халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі ретінде танылды. Осы ретте еліңіздің жетістіктері мен мерейін әрі қарай еселеуге бағытталған Сіздің бастамаларыңыз бен жоспарларыңыздың толық та табысты жүзеге асуына тілектеспін», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Израиль арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени салалардағы өзара тиімді байланыстарды дәстүрлі достық пен өзара сенім рухында нығайтуды ортақ мақсат деп санайды. Сондай-ақ осы игілікті жолда күш-жігер жұмылдыруға дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нафтали Беннеттің жауапты қызметіне мол табыс пен сәттілік, ал достас Израиль халқына бақ-береке тіледі.