ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 967 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

«Бізді ресейлік олигарх қаржыландырды». NEXTA каналының бас редакторы кінәсін мойындады

Роман Протасевич Александр Лукашенко мен Беларусь халқынан кешірім сұрады

фото: ont.by

Өкен түні NEXTA telegram-каналының негізін қалаушы және оның бас редакторы Роман Протасевич мемлекеттік телеарнаның біріне сұхбат беріп, тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы барын мойындады. Роман Протасевич 2020 жылы тамызда Беларусьте президент сайлауынан кейін наразылықтарға қатысы бар сыртқы күштерді атады. Тіпті, бұл қозғалысты кімнің қаржыландырғанына дейін айтып берді.

Lenta.ru басылысының жазуына қарағанда NEXTA жобасы жаппай ереуілге қатысушылардың әрекетін үйлестіріп отырған. Үш күн бойы Лукашенко билігін қорқынышта ұстаған сыртқы күштердің ішінде Протасевич негізіген қалаған Telegram-каналда жарияланған репортаждар халыққа қатты әсер еткен еді.

ОНТ телеарнасының сайтында тікелей эфирде сұхбат берген Роман Протасевич мәлімдеме жасауға өз еркімен келіскенін және өзін ешкім қинамағанын айтты. Ол сұхбат соңында ол көзіне жас алып, Беларусь президенті Александр Лукашенко мен халықтан кешірім сұрады.

Оппозиционердің бұл әрекетін оның шетелдегі жақтастары барынша айыптап жатыр. Бірақ журналист олардың пікірі енді маңызды емес екенін мәлімдеді. Протасевич сұхбат барысында бұдан былай саясатқа араласпайтынын, ел қатарлы өмір сүріп, отбасын құрып, бала сүйгісі келетінін айтты.

Ол тележүргізушінің былтыр тамыздағы қарсылық шараларын кім қаржыландырды деген сауалына да ашық жауап берді. Роман Протасевич бұл көтерілістердің ушығуына бұрынғы президенттікке үміткер Светлана Тихановская әсер еткенін және ол Литвадағы қаржы көздерінен ақша алғанын мәлімдеді.

«NEXTA telegram-каналын ресейлік олигархтардың бірі қаржыландырды. Біз бұған дейін жазылушылар мен жарнама есебінен күн көріп жүргенбіз. Ал Беларусьтегі сайлау басталғанда бізге аптасына 5 мың еуро қаржы беріліп отырды. Демеушінің атын атамаймын. Бірақ ол көрші Ресейден шыққан ауқатты адам», - деді блогер.  

Қамауға алынған оппозиционердің айтуынша, NEXTA жобасында Степан Путило, Ян Рудик, Тадеуш Дичан, Франак Вечерко, Антон Мотолько, Даниил Богданович, Артем Шрайбман, Эдуард пен Виктория Пальчис, Анастасия Рогатко, Дмитрий Навоша және Евгений Малаховский сияқты Беларусь азаматтары жұмыс істейді.

Айта кетейік, 23 мамырда Беларусь билігі Ryanair лайнерін Минск әуежайына қондырып, оның бортында болған оппозициялық бағыттағы telegram-каналының бас редакторы Роман Протасевич пен оның құрбысы ресейлік София Сапегуді қамауға алды. Бұл оқиға халықаралық дау-дамайға себепші болды. Александр Лукашенконың шешімі бүкіл Еуропада халықаралық әуе рейстерінің ұшу кестесіне өзгерістер енгізді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы