Қырғызстанда бұрынғы премьер-министр қамауға алынды
Омурбек Бабанов пен тағы бірнеше экс-шенеунік алтын өндіретін кен орнымен жемқорлық қатынаста болған деген күдікке ілінді
Қырғызстанда кезінде жоғары лауазымда болған бірқатар шенеунік қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Олар алтын өндіретін «Кумтор» кен орнымен жемқорлық қатынаста болған деген күдікке ілінген. Көрші елдің арнайы қызметтері егер алаяқтыққа қатысы дәлелденсе, тіпті бұрынғы президенттерді де жауапкершілікке тартуға дайын.
Бұл іс бойынша елдің бұрынғы премьер-министрі Омурбек Бабанов, парламенттің бұрынғы спикері Асылбек Жээенбеков, Жогорку Кенештің бұрынғы депутаттары Исхак Пирматов пен Талант Узакбаев қамауға алынды. Олар өздерінің іс-әрекетімен ел экономикасына нұқсан келтірген көрінеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы «Кумторға» қатысты тағы да бірқатар тұлға қамауға алынуы мүмкін дейді.
«Қажет болса, бұрынғы президенттерді де жауапкершілікке тартамыз. Мұның еш саяси астары жоқ, кезінде бұл кісілер жоғары лауазымддық мемлекеттік қызмет атқарған және «Кумторда» не болып жатқанын білген», - дейді Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев.
Тергеу барысында бұрынғы премьер-министр Темір Саприев және бірнеше депутаттан жауап алынды. Алайда олар қамауға алынған жоқ. Ал осы кезде арнайы салааралық комиссия канадалық «Центерра» компаниясымен сот дауында көмектесетін дерек жинап жатыр. Ең алдымен кен орнын пайдаланған бүкіл мерзімде экологияға қандай зияны келтіргені жөнінде дәйектер тізбеленбек.
«2012-жылы ел басшылығының «Кумтор» ең алдымен бізге пайда әкелетіндей, барлық негізгі келісімдерді қайта қарастыруға мүмкіндігі болған. Шенеуніктер мен парламент депутаттары мемлекеттік қамын ойлауға тиіс. Осыны істегенде, қазір экономикамыздың бәсекелестік қабілеті әлдеқайда жоғары болар еді», - деді тау инженері Кулчун Рахманов.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, қазір «Кумтор Голд компаниге» қатысты 4 қылмыстық іс қозғалды. Біреуі бойынша тағы бір бұрынғы премьер-министр Мухаммедкалый Абылгазиев қамауға алынған. Ол Ыстықкөл облысында канадалық компанияға жер мен табиғи қорларды бөлу бөлу туралы шешім қабылдаған болатын. Ал қазір жердің бір бөлігі заңсыз бөлінгені анықталды.