Ресей Байқоңырдағы жердің бір бөлігін Қазақстанға қайтарады
Бұл жерге енді республикалық маңызы бар нысандар салу жоспарланып отыр
Ресей жалға алған Байқоңырдағы жердің бір бөлігін Қазақстанға қайтаратын болды. Сенаторлар «Байқоңыр» кешенін жалға алу келісіміне өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы бекітті. Онда жалпы ауданы 11 мың 600 гектар болатын 4 жер учаскесін екінші тараптың жалға алуы тоқтатылатыны көрсетілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Astanatv.kz-ке сілтеме жасап.
Құжат мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді. Бұл жерге енді республикалық маңызы бар нысандар салу жоспарланып отыр.
«Жалпы алаңы 1740 гектар екі учаске Қармақшы ауданы Төретам кентін кеңейту үшін, сондай-ақ 9950 гектар екі учаске «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін, «Алматы-Мәскеу» теміржолын салу және «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының желілік бөлігі үшін алынып отыр», дейді Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ, Ресей бұл учаскелерді жалға алуды тоқтатқанмен, жыл сайынғы жалдау ақысы өзгермейтінін, сол күйі 118 миллион доллар болып қала беретінін атап өтті. Айта кетсек, Ресей Байқоңырда 650 мың гектар жерді жалға алып отыр.