Қызылордада көпбалалы ана қарызынан құтылу үшін бүйрегін сатқысы келеді

Автор: Azattyq Rýhy

Келіншек «Қарыздың орнына кішкентай қызымды алып кеткісі келетіндер бар» дейді

Қарыздан құтылу үшін бүйрегімді сатамын.  Қызылорда қаласының тұрғыны, көпбалалы ана амалсыздан осыған баруға мәжбүрмін дейді. Кредит кеңірдектен, өсім пұл алқымнан алды деп жылайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.   

31 жастағы келіншектің алты баласы бар.  Жұмыссыз. Жолдасының табысы ішіп-жемнен артылмайды. Сондықтан  әйел шиеттей бала-шағаның кем-кетігін түгендеймін деп жүріп қарызға белшеден батқан.Оны қайтара алмайды. Берешегін сұрап күнде біреу келеді. Бар тапқан амалы – бүйрегін сатып, қарыздан құтылу. 

«Себебі жаңағы кісілер үйге күнде келіп мазалайды. Тіпті кішкентай бір жасар қызымды да «бізге бер, отказ жазып бер» деп айтты. Иә, «баланы маған бер, ақыры төлей алмайсың» дейді. Кім баласын қиып береді? Айтыңызшы, қандай жағдай болмасын, ешкім баласын қимайды ғой. Сонымен қатты налыдым», - дейді Қызылорда қаласының тұрғыны.

Келіншектің айтуынша, ағзаға қара нарықта сұраныс бар. Күнде хабарласып, бүйректі саудалайтындар көп.

«Жеті милион теңге деп айттым. Маған бір кісі хабарласып, баласының бүйрекке зәру екенін айтып, тегін беруін сұрады. Мен оны тегін беретіндей өлейін деп жатқан жоқпын ғой. Тегін беріп кетемін дейтіндей. Өзім амалсыз, мұқтаж болып тұрмын, ренжімеңіз дедім. Ақысына ғана беремін дедім. Одан кейін де бірнеше адам хабарласты», - дейді тұрғын.

Ranker.com сайтының мәліметі бойынша, қара базарда бүйректің бағасы АҚШ-та 200 мың доллар тұрады. Ал Қытай мен Үндістанда бұдан сәл арзан. Барлық елде де бүйрекке сұраныс жоғары.

Нұр-Сұлтандағы транспланттау орталығының мәліметінше, бүйрек жетіспеушілігімен есепте тұрғандар саны үш мыңнан асады. Өкпе, бауыр, жүрекке де сұраныс жоқ емес.

Орталықта ағзаны ауыстыру тегін жүргізіледі. Ол үшін донорларға ақша төленбейді. Тек заңды жолмен, тиісті талаптармен ғана қабылданады. Ал өз еркімен дене мүшесін саудалағандар жазаға тартылады.

«Адамның ағза мүшелері мен тiнiн алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу фактілері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 116-бабы бойынша тергеледі. Дәл осы қылмыстар абайсызда жәбiрленушiнің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда немесе мұны қылмыстық топ жасаған болса, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - деді ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз.

Психолог мамандардың пікірінше, қаржылық қиындықтар туындаған кезде адамның  мінез-құлқы өзгереді. Бұл оны түрлі әрекетке итермелеуі мүмкін дейді.

«Ең алдымен, шарасыздықтан баратын шығар. Екіншіден, меніңше, адам өзін-өзі құнсыздандырып, «Өмірде құнды дүние жоқ» деп ойлауы мүмкін. Қазір құндылықтар қатты  төмендеп кетті ғой. Бұл да бір соның көрінісі деп айтуға болады», - дейді психолог Лимана Қойшиева.

Қанша жерден жоқшылық жағадан алып, өсімпұл аяқтан тартса да, заңсыз әрекетке жол жоқ.  Жаза ауыр. Бірақ оны ешкім ескермейтін секілді.  Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, адам ағзаларын саудалау  бойынша өткен жылы елімізде 57 қылмыстық іс тіркелген.