АҚШ елшісі Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға әсері туралы айтты
АҚШ елшісі визасыз режим мәселесін де сөз етті
АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер АҚШ-тың Ресейге қарсы санкция қабылдауы және оның Қазақстанға әсері туралы айтты.
«Бұл санкцияларды Ресейді жөнге салу үшін қабылдадық. Өйткені, Ресей тарапынан АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал етуге тырысу және мемлекеттің ақпаратына араласу әрекеті болды. Біз енді мұндай әрекетке төзе алмаймыз.
Ал, Қазақстанға келетін болсақ, АҚШ-тың Ресейге қатысты қабылдаған санкциясының кері әсері болмас үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз санкцияның Қазақстанға әсері болғанын қаламаймыз», - деді дипломат журналистермен өткізген дөңгелек үстелде.
АҚШ елшісі Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізу мәселесін де сөз етті.
«Қазір Вашингтонда жаңа әкімшілік, дәл қазір визасыз режим енгізу әкімшілік үшін күн тәртібіндегі мәселе дей алмаймын. Бірақ, біз бұл мәселе бойынша қол қусырып отырған жоқпыз», - деп түсіндірді Уильям Мозер.
Еске сала кетейік, 15 сәуірде АҚШ-тағы 2020 жылғы президент сайлауына ықпал етуге тырысқаны үшін және жалған ақпарат тарату әрекеті үшін Вашингтон Ресейдегі 32 заңды және жеке тұлғаға жаңа санкция салды.
Санкция аясында АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы Ресей банкі, ұлттық әл-ауқат қоры және қаржы министрлігі шығарған облигацияларды сатып алуға, оларға қарыз беруге тыйым салды. Бұл тыйым 2021 жылғы 14 маусымда күшіне енбек.